Астана қаласында ХVІІ Халықаралық «Шабыт – 2014» шығармашыл жастар фестивалі басталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Талантты, шығармашыл жастардың басын қосқан байқау шымылдығы Бейбітшілік және Келісім сарайында ашылды. Ашылу салтанатында арнайы театрланған бағдарлама ұсынылып, белгілі әншілер өнер көрсетті. Жүргізушілер биылғы «Шабыт» бұрынғыдан өзгерек екенін, себебі, фестиваль бағдарламасына жаңадан «Ұлттық музыка» және «Камералық хор» номинациялары қосылғандығын қуана хабарлады.
Алғаш болып байқауға қазалық ететін белгілі тұлғалар сахнаға көтеріліп, сөз сөйледі. Мерекелік кеш аясында талантты өнерпаздардың орандауында әсем әндер шырқалып, би биленді.
Алдағы күндері байқау көрсетілімдерінен бөлек, қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазылар алқасы мүшелерінің концерті, музыкалық-көңіл көтеру шоуы, арт-клуб – танысу кеші, фестиваль лауреаттарына арналған қала әкімдігінің балы өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, ұйымдастырушы комитет штабында мәдени проблемалар мен өзге де өзекті тақырыптарда дөңгелек үстел өткізілмек.
«Шабытта» бағы мен бабын сынап көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жастар жиналды. Қатысушылар саны бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы алда тұр. «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бас сыйлық – ҚР Президентінің кубогы, гран-при және 1, 2, 3 орын Лауреаттарына құрмет дипломы, сондай-ақ, «Шабыт» медалі берілетін болады. Бұл фестивальдің дипломанты атану арқылы талай дарын үлкен өнерге жолдама алады. Аталмыш байқау қарашаның сегізіне дейін жалғасады.
«Шабыттың» алғашқы күнінен фото-есеп:
Сурет: Мassaget.kz