- Негізгі бет
- Жаңалық
- Шабыт-2016. Бәйтеректің түбіндегі...
Шабыт-2016. Бәйтеректің түбіндегі басқосу
4-8 қараша аралығында Астана қаласында XIX "Шабыт" Халықаралық шығармашылық жастар фестивалі өтеді. Биылғы "Үздік әдеби шығарма" номинациясы Поэзия жанры бойынша сарапқа салынады.
Биыл аталған номинация бойынша 47 үміткер қатыспақ. Бәрі де әр өңірден жиналған сайдың тасындай қыз-жігіттер.
Үміткерлер Астанаға келе сала алғашқы басқосуын өткізді. "Әдебиет порталы" жас ақындарға арнап дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жастар фестиваль жайлы, бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйіне қатысты ойларын ортаға салды. Өздерін мазалап жүрген мәселелерді көтеріп, пікір-ұсыныстарын айтты. Еркін форматта өткен жиын бірнеше сағатқа ұласты.
"Екі жылда бір келетін "Шабытты" қаламгерлер асыға күтеді. Бірақ, осы күткеніміздің арты жетім қыздың тойы сияқты боп қалады. Рас, биылғы "Шабыттың" орасан атмосферасы онша сезіле қойған жоқ. Қатысушылардың тізімінен бөлек, олардың өлеңдері де жұрт алдында жарияланып отыру керек" дейді тараздық ақын Наурызбек Сарша.
Ал, алматылық ақын Қайсар Қауымбек "Шабыттың" халықаралық деңгейін төмендетпеу қажет дейді. Ол үшін жүлде қорын да көтеру керек. "Бұл сайыстың жүлде қоры салыстырмалы түрде аз. 300 мың теңге бір ағаларымыздың айлығы ғана. "Шабыттың" мәртебесі мемлекеттік ауқымдағы байқаулардан жоғары. Болашақта сыйлығы да соған сай келсе екен. Алдағы жылы ұйымдастырушылар ескере жатар", - дейді ол.
"Шабыт" фестивалі 4-қарашаға дейін жалғасады.
Н. Айдархан