"Шабыт-2016". Бас жүлдені қай ақын алуы мүмкін?

"Шабыт-2016". Бас жүлдені қай ақын алуы мүмкін?
Фото: facebook.com

3-8 қараша аралығында Астана қаласында Астана қаласы әкімдігінің "Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" КММ Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында XIX "Шабыт" Халықаралық шығармашылық жастар фестивалі өтеді. 

Биылғы "Үздік әдеби шығарма" номинациясы Поэзия жанры бойынша беріледі. Фестиваль жақындаған сайын "биылғы бас жүлде қай ақынға бұйыруы мүмкін?" деген сауалдың маңызы арта түсетіні анық.

Осы орайда Массагет порталы елімізге белгілі ақындардан сауалнама алған еді. 

Ұларбек Дәлей – ақын, "Төлеген Айбергенов" атындағы жастар сыйлығының иегері:

Қазіргі жастар поэзиясын негізінен қалт жібермей оқып жүремін. Бірінен бірі өтетін ақындар да, бірінен бірі аумайтын өлеңдер де көп. Өз басым негізінен ұлттық шеңберден тым алшақтап кеткен өлеңдерді шолып қана өте шығамын. Бұл сөзім – "қазақ поэзиясы тар шеңберде қалу керек" деген сөз емес, тек, батыстың немесе шығыстың бұрын өмір сүрген немесе  қазір танылмай жүрген аса талантты ақындарын оқып алып, солардың ойы мен сәтті тұстарын ептеп өз өлеңіне айналдырып, "ептеп ұрлық" жасайтында да жоқ емес. Ал, қазіргі соңымыздан ерген талантты ақындардың атын тізер болсам, біразға кетеді. Биыл өтетін "Шабыт" фестиваліне олардың біразы өтпей қалыпты деп естіп жатырмын. Олай ұйымдастыру – қазақ поэзиясына жасалған қиянат деуге болады. Тізімге өлеңдері өткен ақындардың шығармаларын оқып көрмедім, дегенмен, биылғы бас жүлде туралы айтар болсам, Ұмтыл Зарыққанды ұсынар едім. Оның күй, дала туралы, сол ұлы даланың қоңыр һәм мұңды дауысына жаңаша әуен қосқан адуын өлеңдерімен жақсы таныспын. Бұл ұсынысым – өзге жас ақындарды төмендеткенім емес. Әркімнің өз биігі бар. Алайда, бәрібір биылғы бас жүлде Ұмтыл Зарыққанға берілсе әділетті болар еді.

Тоқтарәлі Таңжарық – ақын,  "Серпер" Жастар сыйлығының иегері:

Меніңше, бұл жолғы "Шабыт" фестивалінде мынау жүлде алуы мүмкін деп дәп басып айту қиын. Өйткені, бізде "Шабыттың" дәл көңілдегідей өткен жылы аз. "Шабыттан" жүлде алған ақындар қаншалықты көп болса, соның 70 пайызы қазір беймәлім есімдерге айналды. Тамыр-таныс, аралас-құраластардың ықпалымен жүлде алғандардың ішінде мықтылары да, мықты еместері де жетерлік. Бұл бұрынғы әңгіме. Биыл кім алуы мүмкін? Мен Шерхан Талап, Ербол Алшынбай, Әділет Шопен, Ұмтыл Зарыққан, Жандарбек Жұмағұлов, Айдана Сегізбаева, Қайсар Қауымбек, Әлішер Әлімжан, Бауыржан Игілік бастаған ақындар жүлделі орыннан көрінетін шығар деп ойлаймын. Бұл ақындар әдеби ортаға танылып үлгерген әрі жастар поэзиясы дегенде ең алдымен еске түсетін есімдер. Бұдан өзге ақындар да құр жаяу емес шығар. Бәрін қазылар алқасы шешеді.

Бауыржан Қарағызұлы – ақын, Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің Гран-При жүлдесінің иегері:

Астана қаласында шығармашыл жастардың халықаралық "Шабыт" фестивалі он тоғызыншы рет өткелі отыр. "Шабыт" талантты жастарға стимул беретін бірден-бір беделді әдеби конкурс. Сондықтан қазылар алқасының қатысуымен үміткерлерді іріктеу кезеңі ел-жұрттың алдында ашық өту керек еді. Ондай тәжірибе болды. Фестивальге қатысатын үміткерлердің шығармаларын 2014 жылы "Әдебиет порталында" онлайн түрде ашық жарияладық. Онлайн түрде жарияланғандықтан таланатты жастар шет қалмады. Ал биыл жабық түрде өткендіктен өзім жүлдеге лайық деп ойлайтын Айбол Исламғалиев, Бекзат Смадияр, Нұртас Тұрғанбекұлы, Алтынғадыс Күнтуғанұлы секілді жастар тіпті бірінші кезеңнен де өтпей қалды. Не себептен екенін білмеймін. Енді əркімнің өз таңдау еркі бар... Ал енді тізімге ілігіп, конкурсқа жолдама алғандардың ішінен Асылбек Жаңбырбай мен Ұмтыл Зарыққанның біреуі Гран-при жүлдесіне лайық деп есептеймін. Бәрі талғам мен танымға байланысты ғой. Көреміз енді! 

Саян Есжан – ақын, Қазақстан Жастар одағы "Серпер" сыйлығының иегері: 

Жаңа екімыңжылдықта "Шабыт" халықаралық шығармашыл жастар фестивалі тың серпіліс әкелген жоба болды. Өйткені, ол әр жыл сайын елімізге жаңа таланттардың есімін танытып қана қоймай, жастардың әдебиеттегі өз жолын табуға сеп болғаны анық. Кешегі "Шабытқа" қатысқан алғашқы лек – бүгінгі аға буынымыз. Олардың әрқайсысы мықты. Өз қолтаңбасын қалыптастырған. Қазір жастарға жол сілтеуші Темірқазық жұлдызы іспетті. Биылғы жылы додаға түсіп жатқан ақындар көп. Кімнің озатынын, кімнің қалатынын тап басып айту қиын. Оны сол аламан қызған шақта көрген қызық. Мықтылар бұған дейін де келген, бұдан кейін де болады. Ең бастысы аға буынның жолын жалғайтын мықты ақындар баршылық. Соған қуану керек. Байқаудың аты – байқау. Дегенмен, жүлдеге іліккен жастар үшін ғана "әділ өткен" байқау болмаса екен деймін.

Құндыз Жұбаева – жас ақын:

Биылғы "Шабыт" фестивалі " бұрынғыдан өзгерек" екені белгілі. Бірақ...қай жағынан?! 
"Шабытқа" қатысушы барлық үміткерлерге сәттілік тілеймін. Оның ішінде десі басым Алматылық ақындарға жанкүйерлігімді білдіремін. Сағдат Адал, Ажар Ерболған, Азамат Əбілқайыр, Əділет Шопен секілді ақындардан үміт күтемін. Қазылар алқасының жүлде жайын қалай шешетіні жұмбақ. 


Ж. Жұмағұлов