- Негізгі бет
- Жаңалық
- "Салты мықтының, халқы...
"Салты мықтының, халқы мықты" атта әдеби-сазды кеш болып өтті
Орталық Азия Университетінің төбелі төрінде «Күлтегін» республикалық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық өнер бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, ақын Қасымхан Бегмановтың 55 жылдық мерейтойына арналған «Салты мықтының, халқы мықты» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.
Бұл жыр кеші – қазақтың маңдай алды, шоқтығы биік қоғам қайраткерлері мен әдебиет көшінің басында жүрген ардақты қаламгерлерінің басын қосқан мерейлі мерекелердің бірі болды. Қадірменді меймандар қатарында: ақын Рафаэль Ниязбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері – Темірхан Медетбек, журналист, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы – Серік Жанболат, Қасымхан Бегмановтың ұстазы Ұлықпан Сыдық, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіңің профессоры, тарих ғ.д, Қамбар Атабаев, жазушы Зәкір Асабаев, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі – Серікқазы Қорабай, ақын, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы – Қазыбек Иса және тағы да басқа өнер майталмандары болды.
Орталық Азия Университетінің жанынан құрылған «Күлтегін» республикалық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық және өнер бірлестігінің басты қызметі: студент жастардың танымдық белсенділігін арттыру, оларды қазақ халқының мәдени құндылықтары негізінде тәрбиелеу және білім беру кеңістігіндегі жоғары оқу орындарының өзара рухани ынтымақтастығын дамыту. Мұның басты көрінісі осы кешке қаламыздағы әр ЖОО-ның студенттерінің бір кісідей келіп атсалысуы. Жыр кешінде «КазГУ-дің қалашығы - көзімнің қарашығы», - деп Қасымхан аға жырлаған Ұлттық Университеттің өнер сүйер, өлең сүйер жастары, қашаннан бері өнердің шамшырағына айналып кеткен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының өнерлі жастары, техникалық оқу орны болса да, мәдениет пен әдебиетті студенттер жанына сіңіруде аянбай еңбек етіп келе жатқан Қасымхан Бегмановтай түлегімен мақтана алатын Қазақ Ұлттық техникалық Университетінің студент жастары, талай ақынның жүрек қылын шерткен, сырлы да нұрлы жырлардың дүниеге келуіне себепкер болған Алаш аруларының бақ ордасы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен қаракөз қарындастарымыз, болашақ тәртіп сақшылары болса да өнерден құралақан еместіктерін танытып келіп отырған ҚР ІІМ Алматы Академиясының жастары да өз өнерлерін көрсетіп, көрермен қауымның алғысына бөленді.
Өлең – жанның айнасы іспетті. Айнаға қарап өз кескініңді көретінің сияқты, ақынның өлеңін оқып, оның жанын ұғынуға болады десек қателеспеспіз. Қазақ қашан да жан сырын өлеңмен ағытқан кемеңгер халық қой. Осындай Ұлы Далада жаратылған Қасымхан ақын да: «Бала кезден жырсыз таңым атпаған», - деп жырлайды. Осындай сәтте абыз Абайдың:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең...», - деп келетін шумақтары еріксіз ойға оралады.
Ғазиз жүрегінің лүпілімен Ғаламға жар салған ақын Қасымханның азаматтық болмысына таңданбасқа шараң жоқ. Бұл сөзімізге дәлел сол кеште ақынның өз аузынан естіген әңгімелері мен жасаған елеулі еңбектері. Және тағы бір атап өте кетерлігі, еркін сұхбат түрінде өрбіген кездесуді Университет ректоры Қасабеков Сайлау Аманжолұлы жүргізді. Қасымхан ағамен кездесуге асыға келген студенттер қауымы да белсенділік танытып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.
Қасымхан ағаның жүрек пернесін дәл басқан сырлы шумақтарының көбі бұл күнде әуезді әнге айналып кетті. Жалпы ақынның да, сазгердің де, әннің де бағын ашатын орындаушы деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Қасымхан ағаның өлеңдеріне жазылған әндер кеңінен танымал. Ақын өлеңдеріне жазылған әндер де бұл кеште әуеледі. Бауыржан Өскенбаев, Шаба Әбденқұлқызы, Серік Айтбайұлы, «Жебе» тобы жігіттері әсем әндерімен кеш көркін кіргізді. Сонымен қатар, ОАУ-нің әнші қызы Сәуле Өксіхан, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Какимов Еркебұлан, Есқара Қазыбек, Аймағанбетов Алтынбай, Намиялы Динара, Тілеубергенова Айдана, Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен Теңге Бекмұрзаева, Барат Бексұлтан, Еркінбек Балауса сынды жас өнерпаздар да жиналғандар алғысына бөленді.
Кеш соңында Университет ректоры Сайлау Аманжолұлы Қасымхан Бегмановқа «Орталық Азия Университетінің құрметті профессоры» дипломын табыс етті. Өз кезегінде Қасымхан аға да өнер көрсеткен жастарды құралақан қайтармай, түрлі сый-сияпатын табыс етті.
Жолдаған: Орталық Азия Университетінің ІІІ курс студенті Еламан Хасенұлы
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Ш. Талап