- Негізгі бет
- Жаңалық
- Республикалық «Аңсар-2014» әдеби...
Республикалық «Аңсар-2014» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды
Алматыда республикалық «Аңсар-2014» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Шығармашылық сайысты еліміздің Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитеті Қазақстан халқы Ассамблеясының даму Концепциясы аясында ұйымдастырып отыр. Аталған байқау ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында 14-30 жас аралығындағы жастардың қатысуымен «Әдебиет порталы» интернет-жобасында онлайн түрде жарияланды.
Комиссия қарауына «Жылдың үздік жас ақыны-2014», «Жылдың үздік жас қаламгері-2014», «Жылдың үздік жас журналисі-2014» аталымдары бойынша 239 үміткердің 1200-ден астам шығармасы келіп түскен. «Әдебиет порталы» қолданушыларының бағалауымен және тағайындалған әділқазылар алқасының шешімімен барлық аталым бойынша 50 үміткердің шығармасы үздік деп танылып, дипломдар мен қаржылай сыйлыққа ие болды. Жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгеге жетіп жығылады.
Әдеби байқауға ЕҰУ-ның ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, журналистер клубының жетекшісі Ғаділбек Шалахметов бастаған бір топ белгілі тұлға қазылық етті.
Сонымен, республикалық «Аңсар-2014» әдеби байқауында «Жылдың үздік жас ақыны-2014» аталымы бойынша талантты ақын Айжан Табаракқызы үздік деп танылды.
«Жылдың үздік жас қаламгері-2014» аталымында жас жазушы Қуат Қиықбай жеңімпаз атанды.
Ал «Жылдың үздік жас журналисі-2014» аталымы бойынша оралдық Айнұр Базарбаеваның мерейі үстем болды.
Әр жеңімпазға 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Алынталандыру сыйлықтарымен Айдана Болатова, Сыйлыгүл Наурызбекова, Асылбек Жаңбырбай, Анна Мажитова, Жұматай Ыбыраев, Шынболат Күзекбаев сынды бірнеше қатысушы марапатталды.
Әдеби байқаудың қорытындысы ретінде жүлдегерлердің шығармалары 100 дана кітапша етіп шығарылады.
Үздік елулікке еніп, қорытынды кешке шақырылған барлық қатысушы арнайы дипломдармен марапатталды.
Өтініштерді іріктеу барысында басылымдардың өзектілігі мен олардың қоғамдық маңыздылығы, материалдардың мәнерлі, айқын жазылуы, дәйектердің нақтылығы және шынайылығы, таңдап алынған оқиғалардың жаңашылдығы мен бірегейлігі, берілген ақпараттың толықтығы және жанрлық белгілеріне сәйкестігі сынды нышандар назарға алынды.
Байқаудың басты мақсаты - қазіргі қазақ және қазақстандық әдебиетті, журналистиканы насихаттау, жас қаламгерлер, ақындар мен журналистерді қолдау және дамыту.
Сурет: ©Мassaget.kz
Н. Айдархан