Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстан халқы тілдерінің XVІ республикалық фестивалі аясында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХVІ республикалық байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ел ішінен талапты, талантты жастарды іздеп табу және көркем шығармаларды оқып-үйрену мен насихаттауда жастардың ықыласы мен қызығушылығын арттыру болды.
Байқауға еліміздің барлық облысы мен Астана және Алматы қалаларынан облыстық, қалалық байқаудан озып шыққан жеңімпаздар қатысты.
Байқауға қатысушылар Оралхан Бөкей шығармаларынан басқа елімізге белгілі, сөз өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан драматург, ақын-жазушыларымыздың кез келген шығармаларынан үзінді оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Шараның ашылу сөзі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Садықовқа берілді.
Байқауға қатысушылар проза, драмалық шығарма және мәнерлеп өлең оқу кезеңдері бойынша өзара сынға түсті.
Байқауға «Шалқар» радиосының бас редакторы, сатирик, жазушы, ҚР Президенті сыйлығының иегері Көпен Әмірбек бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Байқау нәтижесінде өзінің үздік өнерімен ерекшеленген, Түркістан қаласының тумасы Марал Қожамқұлова Бас жүлдеге ие болды.
Бірінші орынды Ақмола облысының атынан сынға түскен Серікжан Маманов еншілесе, 2 орынды Сәкен Есенгелдиев (Алматы қаласы) пен Дінмұхамед Аяхбай (Солтүстік Қазақстан облысы) өзара бөлісті.
Жүлделі 3 орын маңғыстаулық Мейірбек Бердіоңғаров пен қостанайлық Жансая Мұратбаеваға бұйырды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Байқау соңында Оралхан Бөкейдің қарындасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы байқауға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне алғысын жеткізді.
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: ©Азамат Құсайынов