- Негізгі бет
- Жаңалық
- Нобель сыйлығы –...
Нобель сыйлығы – 2014: Француз жазушысы Патрик Модианоға $1,4 миллион табыс етілді
Швед академиясы әдебиет саласы бойынша 2014 жылғы Нобель сыйлығының лауреатын жариялады. Француз жазушы Патрик Модиано (Patrick Modiano) осы атаққа лайық деп табылды. Нобель комитеті: "Соғыс жылдары адам тағдырын ерекше қырынан таныта алғаны үшін" деп, ең басты сыйды ұсынды.
Патрик Модиано 1945 жылы Парижден алыс емес жерде дүниеге келген. Оның ең алғашқы романы "Жұлдыздың көлемі" деген атауға ие болып, 1968 жылы басылып шыққан. Аталған кітап бірден екі сыйды иемденеді. Айта кетсек, Роже Нимье мен Фенеон сыйлықтарын алады. Дегенмен, бұл кітапқа жазушының әкесі жақсы сыңай танытпайды. Модианоның әкесі барлық тиражды жинап алып жойып жіберуге тырысқан. Патрик Модианоның барлық дерлік туындылары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда болған оккупация туралы жазылған. Француз жазушысының қаламына әзірге 30 роман тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, осы сала бойынша өткен жылы Нобель сыйлығын канадалық жазушы Элис Манро алған болатын. Нобель сыйлығының комитеті оның заманауи әңгіме жазу дарынын ерекше бағалаған.
2014 жылғы Нобельдік комитеттің тарапынан берілетін сый 1,4 миллион АҚШ долларын (10 миллион швед кроны) құрап отыр. Сарапшы мамандар мен тілшілер бұл орынға кениялық Нгуги ва Тхионго, жапондық Харуки Мураками және белорус тумасы Светлана Алексиевичтерді үміткер деп таныған еді.
Нобельдік комитеттің мүшелері үміткерлерді қарау кезінде авторларды бүркеншік аттармен ғана сараптайтын болады. Ал үміткер болған жазушы не ақындардың толық тізімі тек 50 жылдан кейін ғана жарияланады екен.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: www.gazeta.ru
Ж. Өрісбай