- Негізгі бет
- Жаңалық
- Массагет редакторы Шерхан...
Массагет редакторы Шерхан Талап республикалық Мұқағали мүшәйрасында Бас жүлдені жеңіп алды
Бүгін Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған жазба ақындардың «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты республикалық байқауы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл бұл байқау облыс әкімінің қолдауымен бесінші мәрте өткізіліп отыр. Оған республикамыздың әр түкпірінен келген 20-30 жас аралығындағы 20 жас ақын қатысты. Байқау Мұқағалидың қуатты да көркем шығармаларын насихаттау, ұлы ақын мұрасы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас талантты ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат етті.
Олар байқау шарты бойынша Мұқағали ақынға арнаған арнау өлеңдерін және тіл тақырыбына жазған өлеңдерін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжан төрағалық еткен қазылар алқасы Бас жүлдеге алматылық Шерхан Талапты лайық деп тауып, оған 100 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырды. 1-орын павлодарлық Жарқынбек Амантай, 2-орын астаналық Сырым Әуесхан мен Сыр елінен келген ақын Ұлықбек Тәңірбергенге беріліп, олар 80 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал үшінші орын үш ақынға ұсынылды, олар: Маңғыстау облысынан келген Алтынбек Әлибаев, қарағандылық Жақыннұр Болысхан және жетісулық Думан Алтынбекұлы. Олардың әрқайсысы 60 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар, «Арнайы жүлде» және ынталандыру сыйлықтары да табысталып, қатысушылардың барлығы жүлдемен қайтты.
Е. Қайрахан