Республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ҚазҰУ-дың филология, əдебиеттану жəне әлем тілдері факультетінің студенті, жас ақын Марғұлан Ақанның "Көктоғайдан көшкен бұлт" атты жыр жинағы жарық көрді.
Жас ақынның тырнақалды туындысы "Асыл кітап" баспасынан 500 данамен жарыққа шығып отыр. Кітаптың шығуына әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "Сұңқар" студенттер кәсіподағы және оның төрайымы Айдана Сыдықова демеушілік жасаған. Жаңа кітаптың тақырыбы жөнінде автордың өзі: "Жалпы, "Көктоғай" деп отырғаным - сонау Тарбағатайдың арғы бетінде жатқан Алтайдың кенді өлкесі, менің дүниеге келген жерім. Осыдан он шақты жыл бұрын атажұртты аңсап, бабамның жеріне - Отаныма оралдым. Сол себепті де тақырыпқа қатысты ойымды түсініп отырған шығарсыз. "Көктоғайдан көшкен бұлтты" бір менің ғана емес, атамекенге жете алмай, арманда қалған қалың жұрттың аңсар-сағынышы деп түсінсеңіздер деймін. Бұл кітапты мен марқұм атам Ырымжанға арнадым", - дейді.
Аталған жыр жинағына өмір, қоғам, туған жерге деген сағыныш, отбасы, т.б. тақырыптағы өлеңдер топтастырылған. Жас ақынның өзі өлеңдердің дені студенттік қойын дәптерден алынғандығын айтады.
Ақан Марғұлан "Кітаптың сыртқы бетіндегі суретте "Әмірсана" тауы бейнеленген. "Әмірсана»" менің туған жерімдегі аңызға айналған тау. Кітапты қолға алғанда тақырыбына әрі суретіне қарап туған жерімді еске алып отырамын", - дей келе, кітаптың шығуына көмек көрсеткен «Сұңқар» студенттер кәсіподағына және оның төрайымы Айдана Сыдықова алғысын айта кетті.
Ақан Марғұлан 1993 жылы Тарбағатайдың арғы бетіндегі, Алтаймен іргелес Көктоғай қалашығында дүниеге келген. 2003 жылы атажұртқа оралған. Республикалық «Жыр алыбы –Жамбыл» атты мектеп оқушылары арасындағы айтыстың жеңімпазы; Студенттер арасында өткен айтыстардың жеңімпазы; Республикалық мүшәйралардың, халықаралық «Өнер фестивалінің» поэзия бөлімі бойынша ІІІ орын иегері; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Жас ақындар» үйірмесінің жетекшісі, университеттің «80 жылдық мерейтой медалінің» иегері;
Сурет: ©Мassaget.kz