- Негізгі бет
- Жаңалық
- Мағжан жыры Анкарада...
Мағжан жыры Анкарада асқақтады (Фото)
Түрік Республикасы жарияланған күн – 29 қазанның қарсаңында, Анкарада азаттық жыршысы, айбынды ақын Мағжан Жұмабаевтың рухына тағзым кеші ұйымдастырылды.
Мағжан атамыздың туысқан Түрік жұртына арнаған «Алыстағы бауырыма» жырына 83 жылдан соң «Алтайдағы жүрегім» деп жауап жырын жазған қарымды қаламгер, ақын Фейзуллах Будак мырза мазмұнды кештің басты қонағы болды.
Ордалы Осман империясының күні еңкейіп, ел шетін дұшпан таптап, қилы кезең киліккен тұста «Алыста ауыр азап шеккен, бауырым» - деп, қаны бір халықтың қамын жеген Мағжан жырының маңызын Фейзуллах Будак тебірене жеткізіп, жауаппен үн қату ниетінің қалай туындап, қалайша өрістегенін байыппен баяндады.
Тағылымды тағзым кешіне жиналған көпшілік Фейзуллах мырзаның айбынды ақын жырларын қос тілде оқып, шебер талдауын ыстық ықыласпен қабылдап, дүркін-дүркін қол шапалағымен қуаттап отырды.
Сонымен қатар, құрметті қонақ, Мұстафа Кемал Ататүрік пен Мағжанның тұлғалық қалыптасуларындағы ұқсастықтар турасында тұщымды тұжырымдарын ортаға салып, Түркия Әнұранының авторы Мехмет Акиф Ерсоймен арадағы шығармашылық үндестікті салыстырмалы түрде көркем кестеледі.
Жиынды түйіндер тұста өнерпаз жастар – Мейіржан мен Дінмұхаммет әнмен шашу шашты. Әуезді әннен әсер алған қауым және бір толқынысты оқиғаға куә болды. Сахнаға он бір жастағы балғын Мағжан Алтай шығып, есімін құрметпен арқалап жүрген ұлы атасының «Мен жастарға сенемін» жырын жатқа оқыды және де Фейзуллах мырзаға ыстық ықылас белгісі ретінде сыйлық табыс етті.
«Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен кештен алған тәлім мол болып, ақиық ақын, көрнекті қайраткер Мағжан атамыздың рухты жырлары Анадолыда асқақтай түсті.
Мырзахан Байболов, Гази университетінің докторанты
Ш. Талап