Қытайдың WeChat желісінде жарияланған қазақ баласының үй тапсырмасы жұрттың жүрегін елжіретті. Белгілі болғандай, үй тапсырмасына күз туралы бір шумақ өлең беріліп, соған байланысты «жапырақ» туралы шығарма жазып келу міндеттелген. Ол шығармасында жұрт ойлағаннан өзгеше жазып, анасына деген ыстық махаббатын бейнелеген. Оның анасына деген құрметі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, оқырмандар оқушы балаға алғыстарын жаудыруда. Баланың аты-жөні көрсетілмеген.
Үй жұмысының жалпы мазмұны төмендегідей: Жоғарыдағы өлеңге негізделіп «Жапырақ» туралы шығарма жазыңыз. Сөз- сөйлемі дұрыс, ойы жинақы болсын:
Жылдам ғұмыр уақыт өтті зымырап,
Әп-сәтте алтын түске енді күзгі бақ.
Жапырақтар жыр парағым секілді,
Жер бетіне құлап жатыр судырап.
Жапырақ өмір
Мен жапырақты жек көремін. Анашым көше тазалықшысы, ол осы айда қатты жүдеп кетті. Көшені бүгін сыпырып қойса, ертесі тағы жапырақ жауып қалады. Әбден титықтады... Жапырақты жек көремін! Жапырақ анамның маңдайынан аққан тері секілді. Әр рет ағаштан түскен жапырақты көрсем анамның маңдайынан аққан тер көз алдыма келеді. Жапырақ ақындарға ұнайтын шығар бірақ маған ол жауып жатқан сор сияқты. Шіркін, жапырақ түспейтін болсашы!..
Дереккөзі: ҚазАқпарат