- Негізгі бет
- Жаңалық
- "Көктоғайдан көшкен бұлт"...
"Көктоғайдан көшкен бұлт" атты жыр жинағының тұсаукесері өтті
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, əдебиеттану жəне әлем тілдері факультетінде жас ақын Марғұлан Ақанның "Көктоғайдан көшкен бұлт" атты жыр жинағының тұсаукесер кеші өтті.
«Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы ұйымдастырған кешке танымал жас ақындар, университет ұстаздары және студенттер қатысты. Кеш тізгінін жас ақын Манас Қайыртайұлы ұстады.
Алғаш болып сөз алған филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы жас ақынның тырнақалды туындысына құтты болсын айтып, шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ, Марғұлан Ақанның биыл бітіріп бара жатқанын, осы төрт жыл ішінде ұлттық университеттің қоғамдық өміріне көп үлес қосқанын айта келіп, Ректордың атынан берілетін «Алтын төсбелгі» табыстады.
Кешке арнайы келген белгілі ақын Мұрат Шаймаран жас ақынның әдебиет ауылына басқан алғашқы қадамына сәттілік тілеп, тілеулестік білдірді. Марғұланның ақындығы туралы айта келіп, Әмірхан Балқыбекке арнаған өлеңін оқып қатты әсерленгенін де жасырмады. Кешке келген барлық жас ақындарға қаратып: «Поэзияға келсеңдер таза, адал болыңдар. Ешқандай пендешілікті араластырмаңдар», - деген ақылын да айта кетті.
Марғұлан бірнеше өлеңін оқып, көрермендер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ Айбол Исламғалиев, Шерхан Талап, Ықылас Тұрсынбекұлы секілді жас ақындар да өз өлеңдерін оқып, кеш көркін қыздыра түсті.
Естеріңізге сала кетсек, Марғұлан Ақанның "Көктоғайдан көшкен бұлт" атты жыр жинағы «Асыл кітап» баспасынан 500 данамен жарық көрген болатын. Кітаптың шығуына әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "Сұңқар" студенттер кәсіподағы және оның төрайымы Айдана Сыдықова демеушілік жасаған. Аталған жыр жинағына өмір, қоғам, туған жерге деген сағыныш, отбасы, т.б. тақырыптағы өлеңдер топтастырылған. Жас ақынның өзі өлеңдердің дені студенттік қойын дәптерден алынғандығын айтады.
Сурет: ©Мassaget.kz
Ұқсас жазбалар:
Марғұлан Ақанның алғашқы жыр жинағы жарық көрді
Бөркіңді жел тербесе, қызғанамын...
Н. Айдархан