- Негізгі бет
- Жаңалық
- «Көктем бүрлері» мүшәйрасының...
«Көктем бүрлері» мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды
Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Көктем бүрлері» жыр мүшәйрасының жабылу салтанатына арналған поэзия кеші өтті.
«Тамшы» ғылыми және мәдениет қоры мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен өткен жыр кеші жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашуды мақсат тұтты.
«Көктем бүрлері» – әр көктемде өлең өлкесінде жүрген жастардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, туындыларының жыр сүйер қауымға жол табуына ықпал етуді көздеген жаңа бастама.
Жыр додасына 30 жасқа дейінгі 71 ақын қатысқан. Ереже бойынша, әр автордан көктем, махаббат тақырыбында 4 өлең қабылданды.
Қазылар алқасы құрамында ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай бастаған, Есей Жеңісұлы, Әлібек Шегебай, Саят Қамшыгер сынды белгілі ақындар болды.
Мүшәйра қорытындысы бойынша, ынталандыру жүлдесі Нұрсәуле Сәулет, Әлия Іңкәрбек, Қарлыға Темірғали, Аслан Тілегенов, Айдын Байыс және Айбол Исламғалиевке (20 мың теңге) бұйырды.
Үшінші орынды Еркін Исахан, Рауан Қайдаров, Жандарбек Жұмағұлов (50 000 теңге) өзара бөліссе, екінші жүлдені (100 000 теңге) Дәулетберді Жекей мен Нұртас Тұрғанбек иеленді. Жүлделі бірінші орынды (150 000 теңге) Астанадан келген Айжан Табарак еншіледі.
Бас жүлдені "Айқын" газетінің тілшісі, ақын Серікбол Хасан жеңіп алып, 200 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Жеңімпаздарды марапаттау кеші концерттік бағдарламаға ұласып, жүлдегер ақындар өз өлеңін оқыды.
Н. Айдархан