- Негізгі бет
- Жаңалық
- ҚазҰУ студенттері Арман...
ҚазҰУ студенттері Арман Әлменбеттің «Мимырт» романын талдады
15 қараша күні әл-Фараби атындағы Ғылыми кітапханада «әл-Фараби» кітапханасы мен «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының бірлесе ұйымдастыруымен кезекті оқырмандар конференциясы өтті.
Оқырмандар конференциясында жас жазушы Арман Әлменбеттің «Мимырт» романы талданды. Талдауды аталған оқу орнының 3 курс студенті, «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының белсенді мүшесі Жылқыбай Досхан жүргізді.
Қуанышхан Өмірхан:
"Негізі көбіне мүйізі қарағайдай мықты, аға жазушыларды талдап жүрміз ғой, бүгін енді өзіміздің замандасымыз, жас жазушыны талдап отырмыз. Әдетте, әдебиетшілер үшін бір заманның жазушылары тұрғылас деп саналады емес пе? Қазіргі қазақ прозасы ақсап жатыр дегенімен, Арманның бұл шығармасы сол ақсақты біржола түзетіп жібермесе де, жақсы талпыныс жасалған. Өте талпыныспен, үлкен ізденіспен жазылған шығарма. Ауыл тұрмысы, желтоқсан тақырыбы, діни көзқарастар, кейбір себептермен ауылға кетіп қалған өнер адамының тағдыры барлығы дерлік қозғалған".
Қонысбек Үмітхан:
"Басында шығарманы бастағанда, мүлдем түсінбедім. Әр бөлім өзара байланыспады. "Неге бір-бірімен ұйқаспайды?" деген сұрақ туындады. Екінші бөлімді оқып отырғанда мүмкін байланыс пайда болар деп ойладым. Тура аяғына келгенде, бітпей қалды да, тұщынып үлгермедім. Мүмкін шығарма сонысымен де құнды шығар. Бізден үлкен болғанымен, осы замандағы жастардың көзқарасымен бағаласақ, жоғары деңгейде деп айтуға болады".
Оразхан Ақтолқын:
"Маған жалпы шығарма ұнады. Және екі бөлім өзара байланыспағанымен, үшінші бөлімде біріктіріп тапқырлық жасаған. Жалпы қызықты, күлкілі жерлері бар. Ауылдағы қойшы кейпін жақсы суреттеген. Ауыл адамдарының жан дүниесін шынайы көрсеткен. Ал енді шығарманың аяғын оқырманның өз психологиясына қалдырған сияқты..."
Жұмағұлов Жандарбек:
"Жалпы шығармада Морж, Наяхан, Зияда өмірде бар кейіпкерлер екен, автордың айтуынша. Және де ондай кейіпкерлер қазақтың барлық ауылында кездеседі. Тіпті мен туған ауылда осындай тағдыр иелерін өз көзіммен көргем. Шығарманың бірінші бөлімін оқығанда көзіңе жас үйірілмесе де, көңіліңе тәтті мұң ұялайды".
Кәрібай Әсел:
"Шығарманың бірінші бөлімі «Бәс» деп аталатындығы, меніңше, кейіпкердің өзіндік ішкі бәсі. Яғни, Гуля пайда болғалы бері Морждың ішуді қоюы, бойын түзеуі десе де болады. Екінші бөлім «Уәде». Аты айтып тұрғандай-ақ, Әділхан мен Балжан арасындағы бір-бірін екінші тастамауға берген уәделері. Үшіншісі «Шимай» аталуы – полковниктің ойлағанындай болып шықпай, Морждың өлімінің қаңғыған оқтан келуі. Сол себепті шимай аталған болар. Мимырт деген сөзді түсінбейтін ештеңесі жоқ. Кәдімгі қазақ тіліндегі баяу, жай, ақырын сөздерінің синонимі. Мимырт тіршілік деген тіркес бар ғой. Автордың бұлай атау себебі, менің түсінуімше, қойлы ауылда, тасада қалған адамдардың тіршілігі, бір қарағанда сырт көзге жай, мимырт өтіп жатқан секілді көрінеді, алайда, әр кейіпкердің ішкі дүниесіне үңілсең, өмірлері қауырт, қызу өтіп жатады. Мүмкін сондықтан солай атаған шығар. Жас буын арасындағы алғашқылардың бірі боп жазылған роман болғандықтан, бір оқуға болады деп ойлаймын. Ерекше әсер қалдыра алған жоқ".
Талдау соңында жас жазушымен скайп арқылы сұхбаттасып, оқырмандар шығарманы оқу барысында туындаған сұрақтардың жауаптарына қанығып, өздерін толғандырған жайлардың шешімін тапты.
Оқырмандар конференциясы соңында талдау үстінде сыни пікірлерімен, ерекше зейіндерімен, тұжырымды ойларымен көзге түскен оқырмандар «Болашақ сыншы», «Болашақ әдебиеттанушы», «Үздік оқырман», «Парасатты оқырман», «Ойлы оқырман» сынды номинацияларды иеленіп, арнайы сертификаттармен марапатталды. Алдағы уақытта да бұл игі бастама өз жалғасын табары сөзсіз. Әдебиеттің көкжиегі кеңейе берсін!
«Мимырт» туралы бір сөз
«Мимырт» — сәтті жазылған, адамды бірден қызықтырып, баурап алатын шығарма. Туындыда адамдардың тағдырлары, кейіпкерлердің мінездері шебер баяндалған.
Саят Қамшыгер
Әуелде романды «Оқиға» деп атамақшы болғам. Кейіннен «Мимыртқа» тоқтадым. Бірақ жұрттың көбі құптай қоймады. Мимырт сөзі баяулықты білдіретінін алға тартады. Менің ұғымымда мимырт сөзі тек баяулықты ғана емес, баянсыздық пен жалғандықтың азабын да білдіретін секілді. Дәулетбек Байтұрсынұлы ағамыз «Мимырт тірлік деген тіркес бар, мимырт – адамның әлденеге риза болмаған көңіл-күйін де білдіреді» деп күмәнімді сейілте түсті. Сонымен, «Мимырт» атанып кетті.
Арман Әлменбет
Жолдаған: Кенжеқожаева Ақбота, Оразхан Ақтолқын, ҚазҰУ студенттері
Сурет: автордан
Ш. Талап