ҚазҰУ-да сыншы, ғалым Тұрсынбек Кәкішев атындағы дәрісхана ашылды

ҚазҰУ-да сыншы, ғалым Тұрсынбек Кәкішев атындағы дәрісхана ашылды
Фото: massaget.kz

Бүгін əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология және әлем тілдері факультетінде өрнекті əдебиетші ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, "Парасат" орденінің иегері, Қазақ елінің еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына орай ғалымның атындағы дәрісхана ашылды. 

Шараға Тұрсынбек Кәкішұлының шәкірттері, елімізге белгілі ғалымдар мен ұстаздар, әдебиетшілер және студенттер қатысты. Факультеті басшысы Өмірхан Әбдиманұлы ең бірінші сөзді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Нұрлан Мырқасымұлы Оразалинге берді. 

"Ардақты әріптестер, айналайын бауырлар! Ұлт дейтін ұғымның аясы соншама кең. Ұлттың намысын жырты екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ол біреуге ұнап, біреуге ұнамайды. Өмір, қоғам болғасын әр түрлі ағыстар мен шабыстар болады. Тұрсынбек ағамыз дәл осындай шын мағынасындағы ұлттың биігіне көтерілген ұлы тұлғаларымыздың, үлкен жүректі ұстаздарымыздың бірі болатын. Бүгінгі 90 жылдықтың үлкен ұлы жиыны студенттердің дәріс алатын, болашағын анықтайтын, халықтың, елдің тарихын таразыға салатын ең алғашқы дәрісхана дейтін киелі бөлме болатын. Сол бөлменің бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Тұрсекеңнін атына берілуі біздер үшін, замандастары үшін, шәкірттері үшін ерекше қуанышты, тарихи жағдай болып отыр. "Өлі риза болмай, тірі байымас" дейді қазақ. Егер біздің бойымызда жақсы қасиеттер бар болса, ғылым берген үстаздарымыздың тәрбиесінің арқасында деп білемін. Тұрсекеңнің атына осындай дәрісхана ашу – ұлттың үлкен шаруасы секілді көрінеді. Сондықтан құтты болсын! Ғалымқайыр Мұтанұлы бастаған университет ұжымына, осы шараны ұйымдастырған филология факультетінің ұжымына шәкірттерінің атынан алғыс айтамыз. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, ағайын!" – деп Нұрлан Мырқасымұлы өзінің ақжарма тілегін білдірді. 

Одан кейін ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Мырзабайұлы Бүркітбаев, химия ғылымдарының докторы, професор ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Зұлқайыр Мансұров және т.б. белгілі тұлғалар сөз сөйлеп құтты болсын айтты. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі Тұрсынбек Кәкішұлымен бірге қызметтес болған жастық шағын еске алып, жылы естеліктерімен бөлісті. 

Дәрісхананы Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин, ғалымның 90 жылдығына арнайы Түркиядан келген ғалым, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, ҚазҰУ проректоры Нығметқалы Мырзабайұлы және елдің аманатын алып келген Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов ашты. 

Дәрісханада Тұрсынбек Кәкішұлының бірнеше еңбектері, суреттері қойылған. 

Ауқымды шараның соңы ғалым, сыншыға арналған конференцияға ұласты. 

Ж. Жұмағұлов