ҚазҰУ-да "III Поэтикалық дуэль" кеші өтті

ҚазҰУ-да "III Поэтикалық дуэль" кеші өтті
Фото: massaget.kz

Қарашаның соңғы күнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінде жас ақындар бас қосып, "Поэтикалық дуэль" жасады. Осымен III рет өткізіліп отырған бұл шара дәстүрге айналды десек те болатындай. "Жәдігер" бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен дуэльде ақындар өлеңсүйер қауымға жырдан шашу шашты. 

Дуэльдің мақсаты жыр өлкесіне ендеп, бойлап келе жатқан жас ақындарды кезектесе өлең оқыту арқылы шеберліктерін шыңдап, оқырмандардың, студент жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру.

Дуэльді алғашқы болып Әріби Әрібек пен Нұртас Тұрғанбек бастады.

Кештің көркін қыздырып, "Ең үздік лирикалық жұп" болған Шерхан Талап пен Айгерім Қуанышбай өлеңмен де, сөзбен де бір-бірін қағытты.

Батырхан Сәрсенхан мен Бауыржан Мырзақұлдың отты жырларын жұрт ықыласпен тыңдады. 

Айбол Исламғалидің өзгеше жырлары мен Сәуле Нысанбектің сағыныш тұнған жырлары келген қонақтардың көңілдерін тебірентпей қоймады.

Жаны да, жүрегі де нәзік Тұрсынбек Башар мен әдеби ортада "Түймедақ қыз" атанып кеткен Сандуғаш Серікқызының сезімге толы жырларын отырғандар ұйып тыңдады.

Бекзат Смадияр мен мөп-мөлдір жырымен жүректерді селт еткізген Әсел Кәрібай тұп-тұнық жырларын молынан төкті.

Тараздан келген ақын Әлімжан Шөңгербай мен Ақтолқын Оразхан таңғы шықтай саф таза жырларымен жүректерге ерекше әсер етті.

Әдебиет пен өнердің шын жанашыры бола білген факультет ұстазы әрі "Жәдігер" бірлестігінің жетекшісі Самал Дәрібайұлы кеште өз туындыларын оқыған ақын жастарға алғыс хаттар және үздік жұптарға дипломдар табыс етті. 

Ж. Жұмағұлов