Қазақстан халқының өнеріне қатысты 10 кітап жарыққа шықты

Қазақстан халқының өнеріне қатысты 10 кітап жарыққа шықты

Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқының өнері, әдебиеті, музыкасына қатысты 10 жаңа кітаптің тұсаукесер рәсімі өтті, – деп жазады inform.kz.

«Қазақстан халқы әдебиеті және ұлттық сәйкестік» атты конференцияда таныстырылған кітаптарды ғалым, жазушы Уәлихан Қалижанов басшылығымен М.Әуезов атындағы әдебиет және мәдениет институты құрастырып шығарды.

Олардың қатарында «Қазіргі әдебиеттегі жалпы адами құндылықтар», «Қазақстандағы қазіргі заман фольклоры», «Заманауи кезеңдегі Қазақстан халқы әдебиеті», «Қазақстан халқының музыкалық өнері», «Қазақстан халқы әдебиеті», «Қазақстан халқының сахна өнері», «Мәдени полилог: Қазақстан халқының бейнелеу өнері» сынды бірінші ұжымдық монографиялар қатысушылар назарына ұсынылды.

Рәсімде сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында өткізіліп жатқанын ерекше атап өтті.

«Әдебиет тек қана бір ұлттың әдебиеті болып қалмауы керек, сол мемлекетте тұрып жатқан барлық халықтардың әдебиеті болуы керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы біздің мемлекетімізде тұрып жатқан ұлттардың әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің, білімдерінің дамуына үлкен жағдайлар жасауда. Әрбір облыстарда ұлттық мәдени орталықтардың, достық үйлерінің бар екендігін білесіздер. Әлемде Қазақстан сияқты 5  тілде өнер көрсететін театрлары, 15 тілде шығатын газеттері бар елдер көп емес шығар», - деп түйіндеді сөзін Б.Сапарбаев. 

сурет: json.tv

Е. Қайрахан