Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тағы бір мүшәйраға бір миллион теңге тігілді

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне орай «Ұлытау ұлағаты – ұлт тарихы» атты Республикалық мүшәйра жариялайды. 

Бұған дейін «Тәуелсіздікке тарту», «Байтақ елім – бақытым», «Жарқыра, жайна, Астана!», «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» деген айдарлармен Тәуелсіздік, Астана және Тұңғыш Президент күндері құрметіне орай республикалық жыр сайыстары өткені жұртқа белгілі.

Халқымыздың ғасырлар қойнауынан желі тартқан ұлан-асыр тарихының төрт құбыласын түгендеп, кетігін бүтіндеп, кемтігін толтырып, ұлтымыздың көкірегін кернеген мұң-шерін тарқатып, арман-мұратын асқақтатар күн еліміз Тәуелсіздік тұғырына қонғаннан кейін ғана туды. Тәуба, ел болып, еңсе көтеріп, Көк туымызды еркіндік аспанында желбіретіп, Арқа төсіне азат Астанамызды орнатып, Ақордалы  мемлекетке айналдық! Іргелі елдермен үзеңгі қағыстырып, ат құлағын теңестірдік. Бұл кешегі Керей мен Жәнібек бастаған, Абылай қостаған иісі қазақтың аңсап күткен арманы еді. Сол арман ұлы көшіміздің тізгінін ұлтымыздың маңдайына біткен дара перзенті, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қолына алған кезеңде жүзеге асты. Қой үстіне бозторғай жұмрытқалаған бейбіт заман орнады. Көп ұлтты Қазақстан бірлік пен берекенің ордасына айналды. Әлем алдында бауырмал Қазақ елінің мерейі үстем болып, мәртебесі биіктеді. Осының бәрі – халқымызға Тәңір сыйлаған бақыт!

Мүшәйраның басты мақсаты – халқымыздың осынау байтақ бақытын жан-жақты  жарқырата жырлау арқылы жас ұрпақтың жүрегіне отаншылдық рухты ұялату.  Жыр бәйгесінің тақырып аясы мейлінше кең. Керей мен Жәнібектен – Хан Кенеге, Жиренше шешеннен – Ілияс Есенберлинге дейінгі қазақ халқының басынан өткен сан қилы кезеңдер толғай білген талантқа, жырлай білген ақынға ұшан-теңіз әлем.

«Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген екен бабаларымыз. Өз Тәуелсіздігімізді, өз тарихымызды, өз Отанымыз бен өз Астанамызды, өз тұлғаларымызды өзіміз жырламағанда кім жырлайды?! Қазақ Хандығының бес жарым ғасырлық тойында шаппаған жүйрік жүйрік пе, толғанбаған ақын ақын ба?! Міне, арғымақ-жырдың аламаны басталды. Ендеше, әншейінде дүбір шықса делебесі қозатын арқалы ақындар, салиқалы жыр Сіздерден, салмақты жүлде біздерден!

Бас жүлде – бір миллион теңге.

Бірінші орын – біреу

Екінші орын  – екеуі

Үшінші орын  – үшеу

Ынталандыру сыйлығы – бесеу

Мүшайраға еш жерде жарық көрмеген поэмалар, толғаулар, топтама өлеңдер маусым айының 15-не дейін қабылданады.

Мүшәйра қорытындысы Астана күні қарсаңында жарияланып, марапаттау салтанаты өтеді.

Үміткерлер шығармасын компьютерде теріп, 5 данасын төмендегі мекен-жайға жіберу керек немесе astanakalamger@mail.ru электрондық поштаcына жолдауға болады. Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы (бар болса) міндетті түрде көрсетілуі керек.

Индекс: 010000, Астана қаласы, Әуезов көшесі, 20 «А» Сәкен Сейфуллин мұражайы. Тел: 32-15-90, 32-84-67

Жүлдегерлердің Астанаға келіп-кетудегі барлық шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды.

Сурет: ©Massaget.kz

Ұқсас жазбалар:

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай "Ел мен Ер" атты халықаралық мүшәйра өтеді

«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл». Жүлде – 1 миллион теңге!

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай маңғыстаулықтар тағы бір мүшәйра жариялады