Өткен аптада әдебиет бойынша Нобель сыйлығы иегерінің есімі белгілі болған еді. Биыл бұл атаққа тегі жапон британ жазушысы Кадзуо Исигуро ие болды.
Мәртебелі сыйлыққа таласта Кадзуо Исигуро басты үміткерлер қатарында болған жапон жазушысы Харуки Мураками мен сириялық ақын Адонистен озық шықты.
Осындай мойындаудан кейін Кадзуо Исигуроның шығармашылығына деген қызығушылық арта түскені анық. Әсіресе, жазушының тарихи Отаны, яғни, Жапония еліндегі кітап баспалары Исигуро романдарын жаппай қайта басуға кірісіп кеткен.
Жаңалық жария болған сәттен кейінгі 3 күн ішінде Hayakawa Publishing баспасы жазушының 8 романын 950 мың данамен басып шығарған. Алдағы уақытта әлі 200 мың данасы шығады деп күтілуде. Баспаларға ұсыныстар елдің түкпір-түкпіріндегі кітап дүкендерінен келіп түсіп жатырған көрінеді. Сондай-ақ, Жапонияда 19 қазан күні шыққалы отырған "Жер құшқан алып" романының тиражы да ұлғайтылады.
«Мен мұндай ұсыныстар легіне таңмын. Исигуро биыл жеңеді деп ойламадым. Бірақ, оның алдағы 3 жылда Нобельге қол жеткізетініне сенімді болғам», - дейді Hayakawa Publishing баспасының президенті Хироши Хаякава.
Кадзуо Исигуро шығармаларына деген сұраныс тек Жапонияда ғана емес, барша әлем бойынша артып отыр. Америкалық Amazon интернет-дүкенінде лауреат есімі белгілі болған бір сағаттың ішінде Исигуро романдары сатылым бойынша бірінші сатыға секірген.
Болашақ литератор Кадзуо Исигуро 1954 жылы Нагасаки қаласында океанограф Сидзуо Исигуроның отбасында дүниеге келген. Алты жылдан кейін Британияға эмиграция жасапты. Кадзуо Исигуроның әдеби мансабы 1981 жылы басталған. Ол жалпы саны 8 роман жазған. Солардың бірі The Remains of the Day (Күнжарым) туындысы үшін автор Букер премиясын иеленді. Аталған роман туралы сыншылар «XX ғасырдағы үздік ағылшын романын жапон жазды» – деп мойындаған.