- Негізгі бет
- Жаңалық
- «Жыр аққуы» –...
«Жыр аққуы» – Марфуға
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, ақын Марфуға Айтхожинаның 80 жылдық мерейтойына орай оқырмандармен кездесу кеші өтті. Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады.
Шығармашылық кеш аясында кітапхана қорынынан «Жыр аққуы» аталатын көрме ұйымдастырылды. Кездесуді ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып жүргізіп, ақынның шығармашылығы жайында баяндама оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Ахметжан Ашири, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Қуанышбай Серікбайұлы, «Балдырған» журналының бөлім редакторы, ақын Құл-Керім Елемес сынды әдебиет майталмандары қатысып, сөз сөйледі.
Кездесуде студенттер мен оқушылар ақынның өз жырымен қоса арнау өлеңдер де оқыды. Атап айтқанда, Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология институтының 1-курс студенттері Кенжебек Айдана, Қараева Нұрсәуле және Қаскелең Гуманитарлық-техникалық колледжінің 2-курс студенттері Төренияз Жазира, Нығметжанова Гүлнұр, Сыдықова Аружан жырдан шашу шашты. Кеш соңында автор келген оқырмандарға «Жапырақ сілкінген кеш» кітабын қолтаңбасымен бірге ұсынды.
Жыр аққуы атанған қазақтың ақын қызы Марфуға Айтхожинаның алғашқы өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейін ақынның қазақ-орыс тілдерінде бірқатар өлең жинақтары жарық көрді. Сонымен қатар оның өлеңдері болгар, поляк, венгр, чех, парсы, т.б. тілдерге аударылған. Ақын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Н. Айдархан