Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистика саласында өткізілетін «Шаңырақ» шығармашылық конкурсын жариялады. Оған телевизия, радио және баспасөз тілшілері қатыса алады, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсынылатын материалдардың мазмұны рухани келісім идеяларын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен насихаттауға бағытталуы қажет. Сонымен қатар материалдар Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастардың әртүрлі қырын қамтып, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кіші ассамблеялардың қызметін баяндап, Қазақстан халқының мәдениетін дамытуға атсалысуы тиіс.
2015 жылғы байқау «Қазақстандық патриотизмді нығайту», «Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру», «Ұлтаралық достық пен татулықты бекіту», «Қазақстандағы ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін дамыту», «Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін түсіндіру» номинациялары бойынша өтеді.
Байқауға өтініштер 25 қазанға дейін қабылданады. Ал байқау қорытындысы биылғы жылдың қарашасында ҚХА халықаралық медиа-форумы аясында жарияланады.