- Негізгі бет
- Жаңалық
- Жазушылар үндеу жариялады...
Жазушылар үндеу жариялады
Қазақстан жазушыларының
ҮНДЕУІ
Ел ретінде іргесі бекіп, әлемдік мойындалудың биігіне көтерілген Қазақ Елі өз дамуының жаңа кезеңіне өткені – тарихи ақиқат.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл басындағы халыққа Жолдауында ел тарихының жаңа дәуірі басталғанын айта келіп, Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялаған болатын.
«Болашақ бағдар: Рухани жаңғыру» – Қазақстан жұртшылығына ұсынып отырған Қазақ Президентінің жаңа дәуір кеңістігіндегі ел тағдырын анықтап, мемлекетіміздің дамуын тануға, бағыт-бағдарын белгілеуге жаңа кеңістік ашар үшінші жаңғыру дәуірінің іргелі тарихи құжаты екеніне көзіміз жете түсті.
Айтулы тарихи құжат негізінен жаһандану жағдайында ұлттық мемлекет құрудың сыры мен сипатын жан-жақты талдай отырып, ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдарын ұсынады.
Елбасы арғы-бергі дәуірлер тәжірибесі мен мемлекет құру үлгілерін саралай отырып, жаны, жүрегі, ойлау кеңістігі әлемдік бәсекелестік жағдайында өмір сүруге мейлінше бейім ұрпақ өсіріп, ұлт тәрбиелеу қажеттілігіне айырықша тоқталған. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» - деген Елбасы ұстанымы осы айтқанымыздың айғағы.
Біздер, қаламгерлер қауымы ел ертеңін анықтайтын ұлт өмірінің басты бағдары – рухани жаңғыру деген Елбасы ұстанымын толығымен қолдаймыз! Өйткені, бүгінгі Қазақстан – оң-солын таразылай отырып, еліктеу мен солықтауға бой алдырудың қаншама қатерлі екенін толық сезінген, әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманының болмысына сай келмеуінің сырын» жан-дүниесімен ұғынған жаңа тұрпатты ел. Біз – өз әлеуетіміз бен өз ақыл-ойымызға, өз қабілетімізге сенуді өмірімізге серік еткен жаңа сипатты Тәуелсіз Қазақстанды орнықтырушылармыз.
Қоғамның жаратылысы мен табиғатын «ұлттың рухани кодын» сақтай отырып дамытуға, уақыт талабына сай бағыттауға жұмылдыру – біртұтас ұлтты қалыптастырудың үлгісі екені күмәнсіз. Елбасы ұсынып отырған сан салалы, сан сипатты даму мен өрістеудің жолдары мен міндеттері осынау Ұлы Дала төсіндегі жаңа тұрпатты Қазақ Елінің бүгінгі баянын бекітіп, ертеңгі болашағын анықтауға жол ашары анық. Ұлттық сананы дамудың жаңа сатысына көтеріп, өркендеудің жаңа кеңістігіне алып шығар бәсекелік қабілет пен прагматизм ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруын, елдің эволюциялық дамуы мен сананың ашықтығын қамтамасыз етер таяу жылдардың Ел Президенті белгілеген алты міндеті – тамырын тереңнен тартар, өз ертеңін өзі өрнектер Ұлы Дала мемлекетін Мәңгілікке бағыттары күмәнсіз.
Қазақ Елінің кешегісін – бүгінге, бүгінін – болашаққа жалғауды мұрат етер рухани жаңғыру хақындағы Елбасы ұстанымы, сөз жоқ, ұлт көсегесін көгерту мен ұрпақ санасын тәрбиелеудің өрісті, өркенді жолы.
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының секретариаты.
Ж. Жұмағұлов