Әлемге аты мәшһүр жазушы Габриэль Гарсиа Маркес кеше түнде Мексикадағы өз үйінде көз жұмды. Сексен жеті жасында дүниемен қош айтысқан жазушымен сәуірдің 21 күні қоштасу рәсімі өтеді.
Жазушының қазасына орай Колумбияда үш күн қаралы күн деп жарияланды. Ел президенті Хуан Мануэль Сантос өзінің Twitter-дегі парақшасына Габриэль Гарсиа Маркестің қазасы елге "жүз жылдық жалғыздық пен қайғы" әкелгенін жазып қалдырған.
Жазушы, журналист, баспашы әрі қоғам қайраткері Маркес әдебиеттегі "магиялық реализмнің" жарқын өкілі саналатын. Бүкіл әлем оны "Жүз жылдық жалғыздықтың" авторы ретінде таниды.
1982 жылы колумбиялық қаламгер әдебиет саласында Нобель сыйлығына лайықталған екен. Ол сыйлықты алған бірінші колумбиялық атаныпты.
Жазу – жазушының өмірде жаны қалаған жалғыз ісі болатын. Ата-аналары оның заңгер маманы болғанын қалапты, бірақ ол басқалай шешім қабылдап, Латын Америкасының ең танымал жазушысы атағына бастар өз жолын таңдады.
Ертеде әлеуметтік желілерде "Гарсиа Маркестің адамзатпен қоштасу" хаты жарияланып, миллиондаған оқырман елең еткен болатын. Артынша жазушы мұның өтірік екенін айтып, хатты өз атынан әлдекімдердің жазғанын алға тартқан еді.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: milenio.com