- Негізгі бет
- Жаңалық
- Жас ақындар Айбергенов...
Жас ақындар Айбергенов атындағы медальмен марапатталды
Қазақстан Жазушылар одағында қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы, көктемде туып, жасындай жарқырап, қазақ əдебиетіне ерекше леп, тың жаңалық алып келген қазақтың классик ақындарының бірі Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кеште бір топ ақындар Айбергенов атындағы естелік медальдармен марапатталды.
Кеш Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып жақында ғана сайланған ақын Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау сөзімен басталды.
- Армысыздар, ардақты ағайын! Былтыр ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтілді! Сонау Мәскеудің төрінде Айбергенов шыңдары алдаспандай жарқылдады. Нүкістің салтанатты залдарында Айбергенов өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Бүгін сол игі іс-шара Қазақстан Жазушылар одағында жалғасын тауып жатыр! Осының бәрі Айбергенов өлеңінің өлмейтіндігін, мәңгіліктігін аңғартады. Қазақстан Жазушылар одағындағы азулы ақынның мерейтойының бүгінгі үлкен кеші баршаңызға құтты болсын деп айтқым келеді, - деді.
Сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет Төлеген Айбергенов атындағы естелік медальдармен бір топ жас ақындарды марапаттады. Олардың қатарында Массагет сайтының тілшісі Тұрсынбек Башар да бар.
Өлеңге өр рухтарын арқалай келген жас ақындар Асылан Тілеген, Нұртас Тұрғанбек, Нұрболат Жолдасбек, Тұрсынбек Башар, Бекзат Смадияр, Мерей Қартов, Мирас Асан, Əсел Кəрібай, Тілек Ырысбек пен Еділбек Дүйсенге мәртебелі марапат табысталып, артынша жастар жырдан шашу шашып, көрермендер көңілін бір серпілтті.
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері Т.Айбергенов өлеңдерінен композициялық қойылым қойып, кеш көркін қыздырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова ақын өлеңдерінің сөзіне жазылған өзінің авторлық әндерін орындады.
Басқарма төрағасының орынбасарлары Мереке Құлкенов пен Бақыт Беделхан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы Дариға Тұранқұлова, ақын Қасымхан Бегманов, Ахмет Өмірзақ, Шарафаддин Әмір, қазақ тілінің жанашыры Оғыз Доған, Шайхы Ермахан, т.б. "Байтақ мекен" қоғамдық қорының мерейтойға арнайы шығарған "Төлеген Айбергеновке 80 жыл" естелік медалін табыстады.
- Қадірменді қауым биыл міне әкемнің кеші жүз шақты жерде тойланған шығар. Мектептер бер, кітаптханалар бар, қалалар бар, тіпті сонау Мәскеуге шейін барып тойлап қайттық. Биылғы жыл өзі үлкен мерекелі жыл болды. Бүгін әкемнің кеші осы Қазақстан Жазушылар одағында өтіп жатқанына қуаныштымын. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп-көп рахмет! - деп ақынның қызы Салтанат Айбергенова көпшілікке алғысын білдірді.
Айта кетейік, осыған дейін ақынның 80 жылдық мерейтойы аясында Теміртау қаласында, Өзбекстанның Нүкіс қаласында (екі жоғары оқу орындарында), Ақтөбе облысының Байғанин ауданында, Ақтау, Астана, Шымкент қалаларында бірнеше мерейтойлық кештер ұйымдастырылған болатын.
О. Сансызбай