- Негізгі бет
- Жаңалық
- Иманасов жүлдесі Бақытжанға...
Иманасов жүлдесі Бақытжанға бұйырды
Аймүйiз айтулы ақын, көрнекті қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Иманасовтың дүниеден озғанына да бір жылдың жүзі болып қалыпты. Өмiрдегi өзгеше өрлiгi мен батылдығы, батырлығы қатар танылып кеткен аяулы ағамыз тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді.
Ақынды еске алу мақсатында Алматы облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алакөл ауданында (Алматы облысы) республикалық «Сәкен Иманасов күндері» болып өтті.
Кеште оқушылар Сәкен Иманасовтың шығармаларын мәнерлеп оқып, жүрекжарды арнауларын жолдауға мүмкіндік алды. Артынан, шара аясында қолға алынған "Сәкен Иманасовқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының" қорытындысы жарияланды.
500 мың теңгелік сый-сыяпаты бар бас жүлде ақын Бақытжан Алдиярға бұйырды. Бірінші орын Ғалым Қалибекке табысталса, Абзал Бөкен мен Бауыржан Қарабеков екінші орынды өзара бөліске салды. Үздік үшінші орын Жарас Сәрсек, Ғұсман Жандыбаев, Қуандық Шолаққа берілді.
Мағиза Құнапияқызы, Нұржан Қадірәлі, Ибрагим Бекмаханұлы, Роза Сейілхан, Ерлан Жүніс секілді адуынды ақындарға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді. "Аламан ақынға", «Ажалды айыптау» арнау өлеңдері үшін Тезекбай Сәдиев пен Мыңбай Рәшке арнайы жүлде табыс етілді.
Сонымен қатар, Абай атындағы қазақ орта мектебінде ақын атына мұражай ашылды.
Айта отырсақ, "Сәкен Иманасов оқулары" енді жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.
Естеріңізге сала отырсақ, Сәкен Иманасов 2012 жылдың 10 желтоқсанында көз жұмды.
Бақытжан Алдияр
* * * *
Менің Құлагеріме
«Әркімнің өз Құлагері болады...»
(Сәкен сері Жүнісов).
Өмірім өмір емес, сұрақ белгі,
Көңілім көп кещеден жырақта өлді.
Уақыттың бәйгесінен Құлагерім
Құдай-ай, құлап келмей жылап келді.
Құлагер құламады, жылады кеп,
Құдайдың қандай қиын сынағы деп.
Тұнжырап көз алдымда тұрады көп,
Тым құрыса, жұбатсамшы бір-ақ рет.
Тұрады тұлпар Құла тұралаған,
Туатын жан едік-ау бір анадан.
Жануар, сен жылқы едің, мен жалқы едім,
Көп кеще жүйріксің деп кінәлаған.
Жануар, сен де жүйрік, мен де жүйрік,
Жүрекке мұң да жидық, шер де жидық.
Қазаққа болсын деп ек қаз-қаз басқан,
Малшынған маңдайымыз терге жидіп.
Сен жоқта жабылардың жел сорды іші,
Ер жоқта кеще шешен – ең сорлысы.
Ішінде жүйріктердің – сен соңғысы,
Ішінде ақындардың – мен соңғысы.
Қанатты саған бермей құсқа берген
Құдайдан айналайын ұста келген.
Балтасын Батыраш бар ұстап өлген,
Батырда Бақытжан бар дұшпаны өрген.
Жануар, кетейікші осы арадан,
Жан ұғар аттайықшы босағадан –
Қотыраш қан қыстамас құтты іргеден,
Батыраш балта ұстамас Қособадан.
Көп кеще мен Бөріні жылатты Айға,
Сені де мазақ етті шұнақ тайға.
Қазаққа жүйрік осы тұрақтай ма?!
Жануар, кетейікші...
Бірақ қайда?!
Сурет: minber.kz
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Л. Лига