Дәл қазіргі таңда Гиннестің рекордтар кітабының қожайыны Джеймс Паттисон Канаданың ең бай адамы саналады. Паттисонның байлығы 9,5 миллиард АҚШ долларына бағалануда.
Миллионердің өзі рейтинг атаулыға аса мән бере бермейді екен; Bloomberg басылымына берген сұхбатында ол өз байлығының нақтылы есебіне көп уақыттан бері көңіл бөлмегендіктен, жоғарыдағы мәліметтерді құптамаған да, теріске де шығармаған.
Бұл тұста Паттисонның бірінші орыннан көрінуіне Гиннестің рекордтар кітабы ғана себеп болып отырған жоқ. Кәсіпкерге елдегі ең ірі компаниялардың бірі тиесілі екен, оның ішіне кішкене қожалықтар, сол қатарда "Overwaitea Foods" пен "Save-On-Foods" азық-түлік дүкендері, көлік сату жөніндегі фирмалар, радиостанциялар мен телеканалдар қарауда.
Гиннестің рекордтар кітабын басып шығаруға құқы бар Guinness World Records компаниясын Паттисон 2008 жылы сатып алыпты; ал кітаптың өзіне келсек, алғаш рет 1955 жылы Ирландиядағы сыра ашытатын Guinness компаниясы басып шығарған.
Бүгінде Гиннестің рекордтар кітабы әлемнің жүздеген елінде таралып, тираж көлемі жағынан діни кітаптардан ғана қалыс қалып келеді.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
сурет: surreyleader.com