Еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдан бері қазақстандық 25 кітап Германияда неміс тіліне аударылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл әдебиеттер «Қазақ кітапханасы» атты жоба аясында Майндағы Франкфурт қаласында көпшілікке таныстырылды. Неміс тіліне аударылған алғашқы қазақстандық кітаптардың қатарында Елбасының «Еуразия жүрегінде» туындысы бар. Осы арқылы Германия жұртшылығы Астанамыздың қалай өркендеп, қалай дамығаны жайлы оқып білді. Кейіннен Әуезовтың «Абай жолы», Әбіш Кекілбаевтің романдары мен Фариза Оңғарсынованың өлеңдері де неміс тілінде жарық көрді.
«Әдебиет пен мәдениет - халықтарды байланыстыратын көпір. Сондықтан қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап Дүкенбай Досжанов секілді қаламгерлеріміздің туындыларын неміс тіліне аудару еліміздің мәдениетіне ғана үлес қосып қоймай, екіжақты қарым-қатынасты дамытуға да өз септігін тигізеді. Неміс әдебиеттанушысы Леонарт Кошут қазақ классиктерінің туындыларымен жұмыс істеу оңайға соқпағанын жасырмайды. Ол алғаш рет Абай өлеңдерін аударғаннан кейін поэзия тұңғиығына бойлап, одан ары қарай тоқтай алмайтынымды түсіндім дейді» публицист Бигелді Ғабдуллин.
«Қазақтың поэтикасы, философия, тарихы мен тіпті ұйқасының өзі жеке дара. Мен істеген жұмысымнан үлкен ләззат алдым. Көмекшім Абай туындыларын аударғанымды естігенде «Ақыры Абай немісше сөйледі ғой» дегені әлі есімде», деген пікрімен бөліседі әдебиеттанушы Леонард Кошут.
Енді неміс қауымы тек Абайдың ғана емес, Олжас Сүлейменов пен Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын да оқи алады. Ал әдебиетсүйер қауым «Қазақ кітапханасы» жобасының жаңа басылымдарын асыға күтетіндерін айтады.
Дереккөз: inform.kz