- Негізгі бет
- Жаңалық
- Ер есімі –...
Ер есімі – ел есінде
Бүгін, 10-ақпан күні Қыздар университетінде студенттерді көркем әдебиеттерді оқуға дағдыландыру бастамасына және Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Кеңес одағының батыры, қазақтың көрнекті жазушысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты дөңгелек үстел болып өтті. Бұл туралы аталған жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқу орынның ғылыми кітапханасы мен физика-математика факультетінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге университеттің белсенді студенттері, кітапсүйер қауым, ғылыми кітапхана ұжымы мен физика-математика факультетінің ұстаздары қатысты.
«Шараның басты мақсаты – еліміздің болашағы жастарымыздың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру, елінің ертеңі, азат таңы үшін еңбек еткен азаматтардың, өз кеудесін оққа тосқан жаужүрек батыр апа-ағаларымыздың есімдерін ұрпақтардың санасында сақтау, жауынгер ақын-жазушыларымыздың шығармаларын жастар санасына сіңіру, батырларымыздың қандай тар жол, тайғақ кешулерден өткендігін ұғындырып, түсіндіру болып табылады»,-дейді шараның ұйымдастырушысы физика-математика факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Рсалина.
Дөңгелек үстел Бауыржан Момышұлының өмірінен сыр шертетін бейнебаян көрсетілімімен басталды. Шара барысында физика-математика факультетінің белсенді студенттері Бауыржан Момышұлының өмір-дерегі, шығармашылығы, қанатты сөздері және де ерен еңбектері жөнінде баяндамалар жасап, арнайы слайдтар дайындап көрсетсе, ақынжанды қыздар өз шығармашылықтарынан жауынгер жазушыға арнау өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, студенттер жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуына, елдік пен ерлікті дәріптеуге, жастардың бойында патриоттық рухты тәрбиелеуге ықпал ететін көрнекті жазушының «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва түбіндегі шайқас», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Куба әскерлері», «Адам қайраты», «За нами Москва», «Ұшқан ұя» және т.б. оқыған шығармаларынан алған әсерлерімен бөлісіп, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының жеке тұлғалық қасиеті мен ерлігін тілге тиек етті.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар Қыздар университеті ғылыми кітапхана ұжымының дайындауындағы жазушы шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Оған Бауыржан Момышұлының әр жылдарда шыққан туындылары мен біртуар қолбасшы туралы жазылған белгілі қаламгерлердің кітаптары қойылды.
Еліміздің келешегіне оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз – Отанға деген сүйіспеншілік. Ал, Отанын сүюді өнеге етіп қалдырған Бауыржан Момышұлындай қаламгер кемде-кем. «Отан үшін отқа түс-күймейсің!», «Өз ұлтын сыйламау, өз ұлтын мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деген сынды көптеген Халық қаһарманының өнеге алатын қанатты сөздері жас ұрпаққа мәңгіге өшпес мұра болып қалмақ.
Сурет: Қыздар университетінің баспасөз қызметі
Оқи отырыңыз
Алматыда тоғызқұмалақтан республикалық турнир басталды
Бауыржан Момышұлына арналған өлеңдер
Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері
О. Сансызбай