Джон Толкиенді толқытқан "Жүзік әміршісі"

Джон Толкиеннің "Жүзік әміршісі" ("Властелин колец”) трилогиясын жазуына бірден-бір себеп болған антикалық сақина Гемпшир ағылшын графтығында көпшілікке таныстырылды. Бұл туралы The Guardian хабарлайды.

Антикалық сақина бірнеше ғасырлар бойына Шют барон тегінен тарайтын мұрагерлерінің иелігінде болып келген. Көрме ата қоныстың қамалында өтіпті.

Атақты жазушыны ғаламат шабытқа бөлеген сақина 1785 жылы Сильчестер елді-мекеніне қарасты қарапайым шаруа қожалықтарының бірінен табылған болатын. Кезінде Британияға Рим ықпалы жүріп тұрған уақытта аталған жерде форт орналасыпты-мыс.

Сақина көлемі үлкен екен, оны тек қолғап кию арқылы тағуға мүмкін болып келген. Сақинада төмендегідей жазулар сақталған: "Синициан, Құдаймен бір әлемде өмір сүр".

Толкиен сақинаның бай тарихын білген және археологтармен антикалық бай қазба мұралар турасында бүге-шегесін қалдырмай сөйлесіп тұрған.

Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, римдіктердің бірінен ұрланған сиқырлы сақина жазушының "Жүзік әміршісін" жазуына басты себеп болған.

сурет:joyreactor.cc

Дайындаған: Фараби Арыстанбек