Балаларға арналған үздік шығармаларды насихаттауды мақсат еткен Халықаралық «Дарабоз-2015» әдеби байқауы қорытындыланды. Марапаттау рәсімі Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
Биылғы бәйгені «Бауыржан» қоры ұйымдастырған болатын. Байқаудың негізгі мақсаты жас жазушылар мен балалар жазушыларын танымал ету, өскелең ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту, қазақ балалар әдебиетіне қолдау көрсету, балалар жазушыларының беделін көтеру және балалар әдебиетін дамыту болды.
10-шы рет ұйымдастырылып отырған бәйге 20-сәуірден бастап 20-мамырға дейін жалғасып, жалпы саны 500 ден астам шығарма келіп түскен. Әдеби бәйгенің жеңімпаздарына арналған жалпы жүлде қоры 3000 000 теңгені құрайды.
Байқау нәтижесі бойынша, жүлделі үшінші орынға Райым Әділбеков пен Гүлсім Назарбаева (орыс тілінде) ие болды. Олар 200 000 теңге қаржылай сыйлыққа және кітап шығару үшін баспамен келісімшартқа қол жеткізді. Сыйлықты Жазушылар одағының хатшысы Сұлтан Қалиұлы табыстады. Екінші орын Мейіржан Жылқыбай мен София Құмарқызына бұйырды. Аталған жеңімпаздарға балалар жазушысы Шәкен Күмісбаев 300 000 теңге қаржылай сыйлық табыс етті. Екі жүлдегер де кітап шығару мүмкіндігіне ие болды.
Бірінші жүлде (700 000 теңге + кітап шығару үшін баспамен келісімшарт) Қайырбек Шағыр мен Дариға Жұмагелдиеваның (орыс тілінде) еншісіне тиді. Бірінші орын иегерлерін Светлана Назарбаева мен Нұрлан Оразалин марапаттады.
Қазылар алқасының шешімімен биылғы бәйгенің бас жүлдесі Пернебай Дүйсенбинге берілді. Автор 1 000 000 теңге мен кітап шығару мүмкіндігіне ие болып, Гран-приді қанжығасына байлады. Сыйлықты бәйгенің бас демеушісі «ZHERSU» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов табыстады.
Сондай-ақ, «Балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы белгілі балалар ақыны Мұзафар Əлімбаевқа берілді. Сыйлықты ақынның немересіне ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы табыстады.