Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні

Бүгін – қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің туған күні. Ол 1940 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылы) дүниеге келген. Мұхтар Мағауин – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, Филология ғылымдарының докторы, қазақ ауыз әдебиетінің зерттеушісі, тарихшы.

Жазушының қаламынан туған кесек туындылар қазақ әдебиетінің өлшеусіз мұрасы саналады. Әр жылдары «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» әңгіме, повестер жинақтары мен «Көк мұнар», «Шақан шері» романдары жарық көрді. Сондай-ақ қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттелген «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы, «Мен» ғұмырбаяндық роман-хамсасы, «Құмырсқа-қырғын» әңгімелер жинағы, «Ұлтсыздану ұраны" мақалалар жинағы және тағы басқа кітаптары да оқырманға жол тартты.

Мұхтар Мағауиннің Чехияның Прага қаласында тұрып жатқанына бірнеше жыл болып қалды. Сол жақта жатып әдеби ортада сан түрлі пікір тудырған «Жармақ» романын жазды. 

Жазушының бүгінде немен айналысып жатқаны, ой-пікірлері көптеген оқырманды қызықтырары анық. Осыған орай шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаштың фейсбук парақшасындағы мана жазбасын ұсынамыз:

«Өткен сенбі Карловы Варыға арнайы барып Мұхтар Мағауин ақсақалмен әңгімелесіп қайттым. Қазақтың көзі тірі классик жазушысының дәл іргесінде тұрып айлап жүздесе алмай қалатыныма қынжылам. "Шыңғысхан" тарихи деректі романының үшінші кітабын жазып бітуге таяу екен. "Бестен бірі ғана қалды" деді. Абайдың қолжазбалары туралы, қыпшақтар мен Византияның қарым-қатынасы жайлы, Моғол империясы туралы әңгімелестік.

Абайдың өлеңдері мен аудармаларын қадым жазудан кириллицаға қотару кезінде кеткен көптеген қателіктердің сол қалпында әлі басылып жатқанын айтып налыңқырап отырды. Мысалы "Қараңғы түнде тау қалғып" емес "Қараңғы түсе тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт, дел-сал қып, түн басады салбырап" болуы тиіс екенін айтты. "Қолжазба бойынша да, қисын бойынша да солай. Әуелі қараңғы түсіп тау қалғиды, сосын ретімен түн басады" деп дәйектеп отырды сөзін. "Бірақ қолжазбасына жасалған қиянат бойынша ең алда тұрған "жолсыз" ақын Шәкерім" деді.

Адамзат тағдыры үшін маңызы зор болған тарихи бетбұрыстарға кейде бір қарағанда өте ұсақ көрінетін жайттар себеп болып кететіні туралы ойын айтты. Мәселен печенегтердің XI ғасырдың басында Византияға жасаған жорығына қосылуға алыстан кешігіп жеткен қалың қыпшақ әскеріне одақтас ретінде сұраған сауғасын бермей қойып ренжітіп, өздері қыпшақтардың шапқынына ұшырағанын, ең соңында Византия мен қыпшақтардың печенегтерді біржола талқандағаны туралы әңгімеледі. "Печенегтер стратегия жағынан көреген боп, қыпшақтармен біржола одақтасқанда Византия сол ғасырда-ақ құлап, Еуропаның тарихы мүлдем басқаша дамыр еді. Тұтас бір жауынгер елдің түбіне сауға жетті" деп бір қайырды.

Мұхтар Мағауин сияқты тұлғалармен сөйлескенде тарихтың құдыретін еріксіз сезінесің. Жүздеген жыл бұрынғы Еуразиядағы жер-су аттары, адам есімдері мен тарихи детальдардың тап-тұйнақтай қоймасына айналған эпикалық жады таң қалдырады. Мұндай адамдар көпшілігіміз құсап бір ғана уақыт кеңістігінде тұрып жатқан жоқ. Әр сөзінен тарихтың өткен шақ, осы шақ пен келер шақтан тыс жатқан, дәл заңдылықтарға бағынатын мәңгі әлем екенін байқалады. Сол себепті де шығар бұл ақсақалдың қазіргі саяси оқиғаларға да сергек көзбен қарап, батыл түрде баға беріп отырғаны».  

Назарларыңызға Мұхтар Мағауин туралы деректі фильмді ұсынамыз:

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/39AA6K54qUs","width":"450","height":"350"});

Мәдениет арнасының «Кітапхана» бағдарламасында Мұхтар Мағауинның «Жармақ» романы талқыға салынды:

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Rz6dRWpaGYI","width":"450","height":"350"});

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: adyrna.kz