Бүгін қазақтың классик жазушысы, әйгілі "Аласапыран" романының авторы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Жазушы 77 жасқа шығып отыр. Қазақтың қай оқырманы болсын, оның "Аласапыран", кейін жарыққа шыққан "Шыңғыс хан" т.б. секілді ірі тарихи романдарын, "Тазының өлімі", "Көкбалақ, "Бір атаның балалары" сияқты жан тебірентерлік повестерін, көптеген әңгімесін сүйсінбей оқымады. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Жазушы бүгінгі таңда Чехияның Прага қаласында тұрады. Жақында "Шыңғыс хан" романының 4-томы жарыққа шығып, оқырмандардың қолына тиді.
Фэйсбук әлеуметтік желісінде жазушы Өміржан Әбдіхалық қаламгердің туған күнімен құттықтап, мынадай жазба қалдырды. Соның үзіндісін беруді жөн көрдік:
"Менді" айтпасқа болмас. Кешегі "Мендер" өзгеріссіз бүгінге келді. Жаңа "Менге" жол жоқ. Жүйеге күйлеген ескі мінезден арылмай жаңа ұлттың "Мені" бас көтер алмайды. Бір Мағауин – шын Мағауин! Мағауин шығармалары – Алаштың мұқалмас алдаспаны! Ақсақалдың туған күні құтты болсын!"
Біз де сайтымыздың атынан жазушыны туған күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілейміз!