- Негізгі бет
- Жаңалық
- Бүгін қазақтың қарымды...
Бүгін қазақтың қарымды қаламгері Дулат Исабековтің туған күні
Бүгін қазақтың белгілі жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің дүние есігін ашқан күні. Жазушы 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Еліміздің мәдениет, әдебиет салаларында бірқатар айтулы қызметтер атқарған.
Оның "Тіршілік", "Дермене", "Гауһартас", "Сүйекші", "Қарғын", "Бонапарттың үйленуі", т.б. секілді романдары мен повестері һәм әңгімелері халықтың ыстық ықыласына бөленген шоқтығы биік шығармалар. "Дермене" (реж. А.Әшімов, 1986), "Тауқымет" (реж. Ұ.Қолдауова), "Гауһартас" (реж. Ш.Бейсембаев, 1975) көркем фильмдері түсірілген. Жазушының туған күніне орай Массагет порталы оның шығармаларындағы елең еткізер ойларын оқырман назарына ұсынады.
Қиял деген өмірдің өзінен де тәтті. Менің ойымда талай-талай тәтті қиял бар делік. Ол қиял болғандықтан да тәтті. Егер балдай боп көрінген қол жетпес сол арманың орындала кетсе, оның күнделікті көріп-біліп жүрген нәрсеңнен түк те артықшылығы болмай қалады. Кей кезде одан жиреніп теріс те айналасың. Сондықтан, арман атаулының бəрі бірдей орындала бермегені жақсы.
* * *
Eр адамның әйелді сүю формасына мүлде қанағаттанбаймын. Мен екінің бірі сияқты ғашық болғым келмейді, екінің бірі болу деген сөз, түптеп келгенде төсекпен біту деген сөз. Сен мен үшін одан мың есе биіктесің...
Әйелге жылаған да жарасады. Ол одан жанын тазартады, әйелдің әйел екенін танытады. Мен жыламайтын, жылай білмейтін әйелдерден қорқамын, олар арамдық пен жауыздыққа жақын.
* * *
Жақсы адамдардың көпшiлiгi тiршiлiкте бақытты бола бермейдi. Бiр ғажабы – олар мұны бақытсыздық деп ешқашан есептемейдi. Өйткенi олар өзiне тиiстi бақыттың басқаларға үлескенiн бiледi және мынау маған тиесiлi деп айтпайды. Жақсы адам болудың қиындығы да сонда.
* * *
...Әрбір әйел – танылмаған планета. Жай ғана планета емес, әрқайсысы мұңлы планета. Бүкіл дүниежүзінің ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір, бір кезде әлемнің құпияларын ашуы мүмкін, ал бірақ ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым әйел жанының құпиясын аша алмайды. Әйел жаны әрқашан жаралы. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам жер бетінде әлі құрылған жоқ...
* * *
Адамның тұлға боп қалыптасуы үшін оның жаратылыс берген қабілеті аз, ол қасиет араласар ортаңа байланысты. Кіммен дос болсаң, кіммен сырлас болсаң, сол деңгейден сен де аса алмайсың.
* * *
Мен тоқ адамды жек көрем. Өйткені тоқ адамның көзі соқыр, құлағы керең келеді. Оларға өнерде, ұлт та, ертеңгі күн де, дүниедегі өзгерістерде қажет емес, оларға қарын ғана қажет. Отырған орны, мінген көлігі ғана қажет. Бітті, басқаның керегі жоқ. Өмірден түк сезінбей осылай өтеді. Солай өтерін өздері сезбейді, соны сезініп оларға жаның ашиды. Бұл тақылеттің адамдары кеміп келе жатқан жоқ сияқты. Барлық ауру осында. Қайда барсаң да алдыңнан шығады. Оларға бəрібір.
* * *
Әйел адам қашан да ер адамның басын сыйлауы керек. Бәлкім кейбір әйел өзін күйеуімнен ақылдымын дейтін шығар, бірақ ақылдылық ондай тәсілмен көріне алмайды. Керісінше, әйел ақылды болған сайын зайыбын сыйлайды.