Британдық букмекерлік кеңсе Ladbrokes 2012 жылы әдебиеттен Нобель сыйлығы лауреатына ұтыс тігуді бастады. Букмекерлердің тізімінде екі Ресей азаматы да бар екен. Оның бірі Ресейдің дарынды ақыны Евгений Евтушенко болса, енді бірі атақты "Generation П" романының авторы Виктор Пелевин.
Ladbrokes қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың досы – Евтушенконың лауреат атану мүмкіндігін 66-ға 1 деп бағаласа, Пелевиндікі – 100-ге 1. Айа кетсек, Евтушенконың да, Пелевиннің де букмекерлердің тізіміне енгеніне бірнеше жыл болды.
Ladbrokes Нобель сыйлығына басты үміткер ретінде жапондық жазушы Харуки Муракамиді есептейді. Оның жеңісіне ставкалар 10-ға 1 коэффициентпен қабылданып жатыр. Сонымен қатар, фавориттер қатарында қытай жазушысы Мо Янь (12/1), голландиялық жазушы Сейс Нотебом (12/1) албаниялық ақын, жазушы Исмаил Кадарэ (14/1), сириялық ақын Адонис (14/1) және де оңтүстік кореялық ақын Ко Ун (14/1) бар. Ladbrokes тізімінде барлығы 100 адам бар.
Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы Нобель сыйлығы лауреаты швед ақыны Тумас Транстремер болған еді. Ал 2012 жылы әдебиет саласы бойынша әлемнің ең беделді сыйы кімге бұйыратыны қазан айында анықталады.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: moralist.ru