22 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағында танымал жазушы, сатирик Бейбіт Сарыбайдың «Мен романтик емеспін» атты кітабының тұсаукесері өтеді.
Жазушының кезекті кітабы «Сырдария» баспасынан жарық көріп отыр. Кітапқа автордың фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланған үздік жазбалары топтастырылған. «Кітапқа фейсбукқа жазғандарымның жетпіс пайызы ғана енді. Кейбіреуі сыймай қалды. Кейбіреуін саналы түрде енгізбедім. Ел алдында жүрген тұлғалардың көңіліне кірбің түсіретін жазбаларды әдейі кіргізбедім. Ол кім үшін, не үшін керек? Сәл ғана жымитатын жылы дүниелердің басын қосқандай болдық. Бір сөзбан айтқанда кітап ешкімнің шымбайына тимейді», - дейді автор бұл туралы. Кештің басталуы: сағат 12:00.
Айта кетсек, Бейбіт Сарыбай – фейсбук желісінде аса танымал. Оның әртүрлі тақырыптардағы жазбалары оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Бүгінде оның жеке парақшасында сегіз мыңнан астам жазылушысы бар.
Бейбіт Шегебайұлы 1983 жылы 3 қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
«Парасат», «Алматы ақшамы», «Дала мен қала», «Алаш айнасы» сияқты көптеген республикалық басылымдарда және «Қазақ радиосында», «Ел арна» телеканалында қызмет атқарған. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында қызмет етеді.
Оның бүгінге дейін «Айна» атты өлеңдер жинағы, «Рауғаш ерте гүлдейді», «Қара торғай», «Мейірім» атты кітаптары жарық көрген.