Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

 Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Ұлы ойшыл Диоген «Кітап оқуды қойған адам, ойлауды да қояды» деген екен. Сауатты әрі танымы кең ұрпақ тәрбиелеуде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасының маңызы зор. Айтулы жоба аясында ұсынылған қазақ әдебиетінің классигі, оның ішінде балалар әдебиетінің ірі өкілі Б. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының орны ерекше. 2014 жылдың 19 қарашасында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті, қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары Ж.Саткенова, С.Ақымбек, Л.Әлімтаева, Б.Құлжанова, Ә.Әміров, Д.Шакировалардың ұйымдастыруымен 3 курс студенттері арасында өткізілген «Тарихқа тағзым» атты дөңгелек үстел қарымды қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына арналды. 

Дөңгелек үстел барысында қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы, халық жазушысы, балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығының оқырмандарына таныс емес кейбір сәттері жаңа технологиялар арқылы студенттерге көрсетілді. Инновациялық жоба бойынша ұсынылған «Өлгендер қайтып келмейді» туындысына, Бердібек шығармаларындағы соғыс жылдары, балдырған балалық шақ, алғашқы өмір баспалдақтары, тұңғыш түйсіктер мен төрлетіп тұрып төмпештейтін тағдыр теперіштері, заман тынысына бүгінгі ХХІ ғасыр оқырмандары тарапынан баға берілді. 

Бердібектің шығармашылығына берілген қаламгерлердің құнды пікірлерге жеке-жеке тоқталған студенттер, енді бірде Қожаның рөлін сомдаса, енді бірі Еркіннің бейнесіне еніп, шығарманың шынайылығын артыра түсті. Бердібек шығармаларына түсірілген фильмдер мен көркем шығарма байланысына өзіндік танымдары арқылы салыстырулар жасады. Көркем шығарма қуатының экрандағы көрінісіне тоқталды. Бердібек Соқпақбаевтың өмірлік тәлімі мол туындылары үшін тарихқа тағзым жасалды.

Автор: Ж.Б. Саткенова, Қазақ тіл білімі 
кафедрасының доценті 
филология ғылымдарының 
кандидаты 

Сурет: Автор

Е. Жұмабайұлы