- Негізгі бет
- Жаңалық
- Бауыржан Мырзақұлдың "Ышық"...
Бауыржан Мырзақұлдың "Ышық" кітабы жарық көрді
Бүгін Қазақ Ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында жыр өлкесінен өзіндік орнын алып үлгерген жас ақын Бауыржан Мырзақұлдың "Ышық" атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын ақын Құл-Керім Елемес кесті.
Осы кешке арнайы сонау Шымкент қаласынан ақынның ата-анасы, бауырлары келіп, жүрекжарды тілектерін арнады. Жаңа кітаптың атауы да ерекше. "Рухқа – қорек, періштеге қуат беретін сезімді "ышық" деп атайды. Ышыққа ие болғандар бейдауа ғашықтық дертіне ұшырайды..." (Светқали Айт-Ман). былайша айтқанда "ышық" сөзі іңкәрлік дегенді білдіреді.
Қазақ баласының абыройын асқақтатып, шабытына шабыт қосып, шығармашылығына табыс тілеу – оның бауырының міндеті. Кешке Бауыржанның бір топ ақын достары һәм замандастары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Ақын достарының ақ жол тілегі жыр шашуға ұласты.
Бауыржан ақын ғана емес, сазгерлігі де бар азамат екенін көпшілік біле бермейді. Оның мұң мен сағынышқа толы "Мәжнүннің мұңы", Ескі сурет", "Есенин", т.б. секілді жүрек қылын шертер азды-көпті әндері бар. Солардың бірі "Мәжнүннің мұңын" Абылайхан Жұмашев гитарада орындап, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.
Тұсаукесерге келген оқырмандар риясыз дидарласудың куәсі болып қайтты. Кеш соңында ақын келген қонақтарға жыр жинағын қолтаңбасымен ұсынды. Ақынның бағасын беретін – халық. Шығарманың бағасын беретін – уақыт. Ендігі сөзді кітапты қолына алып, оның тереңіне үңілген оқырман қауым айта жатар.
Ж. Жұмағұлов