Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жазушылар Одағы жанындағы жастар кеңесінің қолдауымен “Балалар әдебиетінің апталығы” аясында кездесу кеші ұйымдастырылды. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің №17 студенттер үйінде өткізілетін дәстүрлі "Он жетідегі кездесуде" ақын Ерлан Жүніс пен жазушы Өміржан Әбдіхалық қонақта болды. Балалар әдебиетін насихаттау, толымсыз тұстарын бағамдау және оның кешегісі мен бүгінгісіне үңілу мақсатында ұйымдастырылған бүгінгі кеш риясыз сұхбат пен ашық әңгіменің алаңына айналды.
Кеш тізгінін әдеттегідей “Қазақ әдебиеті” газетінің тілшісі, жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы ұстады. Алғаш боп сөз алған ақын Ерлан Жүніс: “Бүгін мен бұл кездесуді қосқанда төртінші шарада болып отырмын. Осы кездесудің алдында үш жерде балалар әдебиетінің жай-күйі жайында көптеген келелі мәселелер сөз етілді. Бәрі де балалар әдебиетінің келешегі үшін өткізіліп жатқан іс-шаралар. Сондықтан да бүгін сіз бен біздің арамызда да тұшымды ойлар айтылады деген сенімдемін” – деді.
Сондай-ақ “Мамандардың мынадай пікірі бар екен, жаңа өзіме түртіп алдым: “Біз балалар тауарын қымбат дейміз, неліктен? Себебі, балалар тауары сапалы, экологиялық таза өнімнен жасалады. Бәтеңкесінің өзі менің бәтеңкемнен қымбат тұрады. Сонда біз баланың сыртқы экологиялық тазалығына ғана мән береміз бе? Неге оның рухани дүниесін қамтамасыз етпейміз, жүрегін, көкірегін, санасын ілім-білімге толтырмаймыз? Бізге баланың болашақ өмірі жарқын болғаны керек емес пе?” деген сыңайдағы тамаша пікірлер айтылды. Біз балалардың болашағына аса нәзіктікпен қарауға тиіспіз” деп ағынан жарылды. Артынша студенттерге “Балалар әдебиеті жасалып жатыр ма? Кімді оқимыз? Сіз кімді ұсынар едіңіз?” деген сауалдар тасталып, түрлі пікірлер алмасуға ұласты.
Өз кезегінде жазушы Өміржан Әбдіхалық: “Балалар әдебиеті деген ол – қазақ әдебиеті деген сөз. Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет. Оны қартайған қария да, қаріп таныр жас бала да оқи алады. Бірақ біз әлі күнге соғыс кезінде өткен балалық шақ туралы жазылған “Жусан исі” секілді шығармаларды оқимыз. Демек біздің әдеби санамыз 60-70 жылдарда қалып қойған” – деп бастап, “Біздің балаларымыздың ой-қиялы, фантазиясы дамымай қалған. Оларды батырлар жырымен қызықтыру мүмкін емес. Біз қазір тек көз өлшемдерімен өмір сүріп жатырмыз. Біз мына телефонды керемет жақсы көреміз, соған қолымыз жетсе дейміз. Бұл – көздің өлшемі. Бізде ойдың, қиялдың өлшемі жоқ. Баяғыда радиодан кітап оқушы еді ғой, бұдан шығудың бір жолы ретінде енді соның теленұсқасын жасау керек пе, білмеймін. Адамдарға көздің аржағында да көз бар екенін түсіндірсек дейміз” – деген пікірімен бөлісті. Кейбір қолына қалам ұстаған жазушылардың тек бәйге үшін шығарма жазып жүргендігі жасырын емес. Бұл туралы жазушы ағамыз өз ойын айта келіп: “Расында да бәйгенің жүлдесі қолына тиген соң жазушының не өзін, не шығармасын таппай қалып жатамыз. Бұл дегеніміз – жазушының я болмаса ақынның әдебиетке деген махаббатынның әлсіздігі” – деп қайырды.
Қонақтарға балалар әдебиеті турасында, бүгінгі поэзия, проза төңірегінде түрлі сауалдар қойылып, салмақты ойлар айтылды. Сондай-ақ, қос қаламгердің шығармашылығы да сөз болып, таяу күндері Ерлан Жүністің “Хауас” атты жаңа жыр кітабы шыққалы жатқаны мәлім болды.
Ерлан Жүністің “Хауас” атты жаңа жыр кітабы
Кездесуде өлең оқыған жас ақындар:
Нұртас Тұрғанбекұлы
Қозыбай Құрман
Құндыз Жұбаева
Еламан Хасен
Кеш көркін одан әрі “Қайсардың қағанатындағы” бір топ жас ақын қыздыра түсті. Қорытынды сөзде Ерлан Жүніс жас ақындарды балаларға арнап өлеңдер жазуға шақыра отырып: “Балалар әдебиетін жазу да баланың көзінің айналасын қаламмен сызу секілді. Егер дұрыс жаза алмасаңыз қарашығын ағызып жібергеніңіз...” – деді.
Балалар әдебиеті – балаларымыздың болашағы һәм ертеңі. Ұлтымыздың тұтқасын ұстар ұрпағымыздың келешегіне салғырт қарамайық!
“Он жетідегі кездесуде” жүздескенше...
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: Шерхан Талапұлы