Бақытжан Бұқарбайдың "Күміс кітап" туындысының тұсаукесері өтті

Кеше Алматыда «Меломан Grand» дүкенінде саясаттанушы, журналист әрі суретші Бақытжан Бұқарбайдың "Күміс кітап" атты жаңа туындысының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесерге белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, Қазақстанның ашық кітапханасы жобасы – www.kitap.kz сайтының бас редакторы Мақпал Жұмабай және кітаптың шығуына қаржылай көмек көрсеткен жазушының досы Рүстем Мұстафин қатысты. 

Алғаш болып сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым кітап жөнінде жеке пікірін білдіріп, жазушыға ақ жол тіледі. Бұл пікірді басқалары да қолдады. Кеш барысында жазушыға оқырмандар тарапынан көптеген қызықты сұрақ қойылды. 

Бақытжан Бұқарбай: "Мен осы кітапты жазу барысында түсінгенім – автордың міндеті жазу, ал оның өміршеңдігін айқындайтын оқырмандар екен. Кітап жазылғанмен, ол өміршең болмаса, өледі. Бірақ осында жиналған және басқа қалалардағы оқырмандарымның арқасында кітабым әзірше өмір сүріп жатыр. Сол үшін сіздерге рақметімді айтқым келеді. Кітап еріккендіктен жазылмайды. Егер олай жазылар болса, бәріміз кітап жазып кететін едік. Іште пісіп жүрген, көріп жүрген нәрселер және сол көріп жүргендеріңмен келіскің келмейтін, мойындағың келмейтін ұғымдар жазылады. Сосын бір өзгеріс болғанын қалайсың. Мұны мен ғана қаламаймын, басқалары да қалайды. Өзіміз көріп жүрген дүниелерді өзгертсек, мықты қоғам болатынына сенеміз. Осының бәрін көре тұра, ескере тұра кітапты жазуым керек деген шешім қабылдадым. Ішімде бір жарым жыл пісіп, толғандырып жүрген тақырыпты күнделікті күйбең тіршілікте уақыт тауып, өзімді мәжбүрлі түрде отырғызып, 16 күн ішінде жазып бітірдім. 

Оқырмандардың сұрақтарына жауап берген жазушы бірте-бірте сұрақтардың тереңдеп бара жатқанын тілге тиек етті. Кейбір ата-аналар "Күміс кітапты" оқыған балаларының кітапқа деген қызығушылығы арта түскенін айтып, алғысын білдірді. 

Тұсаукесердің соңы қолтаңба алып, жазушымен естелікке суретке түсуге ұласты. 

Массагет порталы осы сәтті пайдаланып, жазушыдан шағын видеосұхбат алған еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз!


Оқырмандарға қысқаша анықтама!

Бақытжан Бұқарбай 1987 жылы дүниеге келген. Ол 2011-2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында қызмет етті. 2015 жылы Ақтау қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарған. 

2006 жылдан бері журналистика саласында да еңбек етіп, әр жылдары «Хабар» агенттігінде, «Алматы» телеарнасында жұмыс істеп, еліміздің бірқатар баспа және электронды БАҚ-тарында жүзден аса мақалалар жариялады.

Автордың замандастары мен жастар аудиториясы оның бұған дейін де бірнеше кітап шығарғанынан хабардар. Атап айтсақ, «Алматы сегодня», 2010 жыл; «Қарулы қақтығыстардағы ақпараттық технологиялар: әлемдік тәжірибе және келешегі» ғылыми монографиясы, 2012 жыл; «Қазақстан-2050» терминологиялық анықтамалығы, 2014 жыл. 

Интеллигенттік орта мен белсенді жастар Б.Бұқарбайдың суретші ретінде екі жеке көрмесін өткізгенін де біледі. Тұңғыш жеке көрмесі 2014 жылы Алматыда «Өмір шеңбері» деген атпен өткізілсе, екінші көрмесі 2015 жылы еліміздің ірі үш қаласында өтті. Яғни, Шұбаркөл көмір кен орнының отыз жылдығына арналған графика жұмыстарының көрмесі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылды.