Жақында "Жалын" баспасынан "Жас толқын" сериясымен сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының "Тіл мен жүрек" атты алғашқы кітабы жарық көрді. Фейсбук бетінде сыншының бір топ замандас достары құтты болсын айтты. Біз де қалыс қалмай, авторды сөзге тартқан едік.
– Кітап құтты болсын! Көпшілік те Бағашар қашан бір кітап берер екен деп күткені анық. Тұңғышыңыз жөнінде аз-маз айтып өтсеңіз. Алғашқы әсер қалай?
– Бұл жұрт күткен кітап па, күтпеген кітап па, о жағын білмедім, бірақ, өзім асыға күттім. Енді шығар кітаптарымыз бұдан да жақсы болса деп тілейміз. Әсері: адамға көбірек жауапкершілік жүктейді. Əдебиетке жасаған алғашқы қадамымыз болғандықтан, болашақта қандай боламыз, ізденіп өсеміз бе, өспейміз бе деген алаңдаушылық басым. Адамның өсуі деген өте қиын нәрсе ғой. Үлкендер адам үнемі өсу керек деп жатады. Ал, сол "өсу" деген біздің өмірімізде қалай жүзеге асады? Сол жағынан келгенде көбірек жауапкершіліктің жүктелгенін сезінемін.
– Неліктен "Тіл мен жүрек" деп атадыңыз?
– Бірде Ырысбек Дәбей деген ақын ағамыздың әкесі Дәбей ақсақал Алматыға келген кезде әңгімесін тыңдаған едік. Ол кісі көпті көрген, ескінің адамы ғой. Әдебиетпен айналысып жүрген жігіттерге біраз әңгіме айтқан болатын. Сонда ежелгі қиссаларды айта келіп, Лұқман Хакімнің оқиғасын баяндады. Бәрі білетіндей "Дүниедегі ең тəтті нәрсе не?" дегенде – "Тіл мен жүрек", "Дүниедегі ең ащы нәрсе не?" дегенде де осы "Тіл мен жүрек" деп жауап берген екен. Дүниедегі жақсылық та, жамандық та тіл мен жүрекке байланысты екенін айтатын. Сол сияқты әдебиет те тіл мен жүректің мәселесі. Жүрек қалай көреді, қалай сезеді, тіл соны айтады. Сондықтан да кітаптың атын "Тіл мен жүрек" деп қойдық.
– Әдебиетсүйер қауым сізді сыншы ретінде таниды. "Шешінген судан тайынбас". Сыншы Бағашар өзін толық сынға арнады ма? Әлде өзіңізді әдебиеттің басқа жанрларында да сынап көру ойыңызда бар ма?
– Өзім осы әдеби сын жанрына бас қоямын деп біржола шешім қабылдаған едім. Ештеңені кесіп айтуға болмайды, бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ негізінен сынмен шұғылданамын деп ойлаймын.
Әңгімеңізге рахмет!