2014 жылдың ақпан айында ақын Азамат Тасқараұлының «Жусан Қыз» атты жыр жинағы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді.
Азамат Тасқараұлы – ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері.
Ақынның аталған кітабы халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының (Президенті – Исламбек Салжанов) демеушілігімен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр. Кітаптың көлемі 5 баспатабақ. Таралымы – 1000 дана. Кітапқа алғысөз орнына аға буын өкілдері – Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, марқұм Фариза Оңғарсынова, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Бүкіләлемдік Өнер мен Мәдениет Академиясының академигі, жазушы Роллан Сейсенбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері Жәркен Бөдеш, Қазыбек Иса, Маралтай Райымбекұлы және ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Талғат Ешенұлы секілді ірі қаламгерлер өз пікірлерін білдірген. Кітаптың сыртқы мұқабасына семейлік талантты суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Талғат Тәтиевтің картинасы пайдаланылған.
Кітапқа алғысөз орнына берілген аға буын өкілдерінің пікірлерін ұсынамыз.
Фариза Оңғарсынова, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын:
Заманауи ғылым мен техниканың өркендеуі адам баласын кітап оқудан, поэзия мен прозаның құдіретті киесінен жырақтатып барады деген пікірлерді естіп қалып жүрміз. Бірақ қазақтың көкірек көзі ашық жас оқырмандары, Құдайға шүкір, мұндай дерттен аулақ. Жақсы өлең қашанда жанға серік. 2012 жылы ақындардың арасында Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын алған өскемендік Азамат Тасқараұлы әркімнің алдына барып, «мен жақсымын» деп жарапазан айтып, жар салған жігіт емес. Оны соңғы 5-6 жылдан, «Шабыт» фестивалінде Бас жүлде алған кездерінен білемін. Әр мықтының жанына жақын жүрген болып, атағын шығаруға үйір емес. Алтайдың кербұғысындай өзімен-өзі жүріп, өлең патшалығына өлермендігімен емес, шынайы өнерімен аттаған, өзіндік әлемі бар ақын.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын:
Қазақ поэзиясында құбылыс дерлік азғана жастардың бірі – Азамат Тасқараұлы. Дау жоқ, Азамат – өзінің алдындағы тете толқыннан да оза шауып, дара келе жатқан ерекше талантты әрі өте жас ақын. Оның өлеңдерінен ата қазақтың иісі де айырықша сезіледі... Ақын Азамат Тасқараұлының аталған жыр жинағында бізге «бірақ» дегізетін екі фактор бар. Біріншісі – бұл жинақтың түрлі оқырман топтарына түрліше әсер ете алатын қуатында. Ал, түрліше әсерлер – түрлі-түрлі Ойлардың бастауы. Бұл жағынан алғанда, ақынның жыр кітабы өзінің поэтикалық функциясын толығымен атқара алады деген сөз. Екіншісі – жыр жинағының «тоғыз жол торабындағы» толғаныс екендігі.
Маралтай Райымбекұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын:
Қазақтың үлкен ақыны Жұматай Жақыпбаев «Мұхит жаққа асығады әр өзен, Сол бір ойы және қымбат, және жөн» - деп жырлап еді. Біздің Азамат батыр да сол ұлы атырауға қарай арна сызған мөлдір сызашық. «...Толқындарын шайқалтып, теңіз етсе тәңір етті» - дейтін кезеңге шығып сөйлей алатын суреткер. Алтайдың перзенті. Алтай десе, есіңе не түспейді. Алтайдың жыры түркінің түп-тұқиян, зау-затының үніндей боп естіледі. Азаматтың даусында да осынау Алтайдай асқақ, Алтындай таза кәусар дем бар. Ұлт поэзиясының уызына қанып өскен ұл нені айту керек екенін және қалай айту керек екенін жақсы біледі.
Құлын жастан еру болып көшке мен,
Құтпан айғыр үйірінде өскен ем.
Ұшып бара жатқандағы тырнаға,
Әкем анау, ат үстінен «Қош» деген.
Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан,
Қабағынан қырма боран жаратқан.
Тазқарадан тайлақ жүнді айырып,
Бие сауым шешетайға сабатқан.
Ақ шетеннен жасатпаған құрығын,
Ат пен қамшы құдай оған,
Бір ұғым!
Жануардың жалын үнсіз құшады ол,
Баппен ғана шешіп өмілдірігін.
Бұл жырда тек түркінің баласы ғана сезіне алатын аңсар, тек ұлы даланың сауырында ғана ғұмыр кешуге лайық салтанатты мұң бар. Осындай жырларды оқығанда, осынау терең болмысқа бойлай алатыныңа, қазақ боп туғаныңа шын қуанасың. Мұндайда қазақ сөзінің құдіретін соншалықты меңгерген жас жүректің лүпіліне, сұңғылалығына тәнті боласың.
Азамат – ұлт поэзиясын болашаққа жеткізер алаугер.
Жаңа кітап жыр сүйер қауымның сүйікті кітабына айналсын!
Ұқсас жазбалар:
Азамат Тасқараұлы: "Жылқының қаны және басқа да жайттар туралы (сұхбат)
Азамат Тасқара: "Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз..." (өлеңдер топтамасы)
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағаттан