- Негізгі бет
- Жаңалық
- «Ару қала –...
«Ару қала – Алматы» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды
Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ару қала – Алматы» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды. Қазақстан Жазушылар Одағында өткен қорытынды кеште жүлделі орыннан көрінген 10 ақын марапатталды.
Республикалық көлемде өткен жыр додасына 60-тан астам ақын қатысқан. Мүшәйраның мақсаты - Алматы қаласына деген сүйіспеншілік пен ықыласты дамыту, мәдени құндылықтарды көтеру, қазақ әдебиетін насихаттау мен жаңа таланттарды анықтау болатын. Жыр аламанына 190-ға жуық өлең келіп түскен. Ал әділқазылар құрамында мәдениет қайраткерлері, белгілі ақындар мен әдебиет сыншылары болды.
Жыр мүшәйрасын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ашты. Ол алғы сөзінде бүгінгі шараның мәні мен маңызын атап өтіп, Алатау бөктеріндегі алып қаланың 1000 жылдық мерейтойы өзге де іс-шаралармен атап өтілетіні туралы айта кетті. Мүшәйраға келіп түскен шығармалар жинақ болып шығарылатыны туралы қуанышты хабарымен бөлісті.
«Ару қала – Алматы» жыр мүшәйрасында Нұртас Тұрғанбекұлы, Батырхан Сәрсенхан мен Әбдіқадыр Бөрібекұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Жыр аламанында жүлделі ІІІ орынды үш ақын иеленді. Олар – Кәдірбек Құныпияұлы, Мағрипа Құныпияқызы мен Алтыншапақ Хаутай.
Жүлде алған жырлар сахна төрінді оқылды.
Қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлы мен ақын Мақпал Мыса ІІ орын иегерлері атанды.
Бірінші орынды белгілі ақын Болат Үсенбаев жеңіп алды. Жүлдегерді Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай марапаттады.
«Ару қала – Алматы» жыр мүшәйрасының бас жүлдесін Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, танымал ақын, жазушы Рафаэль Ниязбек иеленді. Жеңімпазды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза марапаттады.
Жеңімпаздар грамота, гүл шоқтары және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ынталандыру сыйлығы иегерлеріне 50 мың теңгеден, ІІІ орынға – 200 мың теңге, ІІ орынға – 300 мың теңгеден сыйақы табысталды. Бірінші орын алған Болат Үсенбаев 500 мың теңгеге ие болса, бас жүлдені жеңіп алған Рафаэль Ниязбекке 700 мың теңге табысталды.
Айта кетейік, жыр аламанын Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Ел-Шежіре» қайырымдық қоры ұйымдастырды.
О. Сансызбай