Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сықақшы Көпен Әмірбек «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында жақын арада «Ара» журналының қайта шығарыла бастайтынын және бұған «Нұр Отан» партиясының қолдау көрсетіп отырғанын әңгімеледі.
Белгілі сықақшы өз сұхбатында уытты басылымның талай «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткергенін, тіптен, сонау 1915 жылдан бергі тарихында әлденеше рет ашылып жабылғанын атап өтті.
«Ештеңеден қорықпайтын адамның өзі күлкі болудан қаймығады ғой. «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады», деді Оспанхан ағамыз. Ғасыр мен ғасырдың тоғысына таман нарық қыспағына түскен басылым тағы да тапырақтап, тоқтап қалды. Сол тұста «Ара» жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны» деп Қалтай ағамыздың қабырғасы қайысты. Бірлі-жарым сықақшылар тізе қосып, тікенек тілді журналға жан бітіреміз деп жанталасып-ақ бағып еді, одан көңіл көншітетіндей нәтиже шыға қоймады», - деп еске алды кейінгі кезеңді К.Әмірбек.
Сондай-ақ, ол жемқорлықпен күресте күлкі мен әжуаның орнына, әсіресе, жастардың түйсігіне «жемейтін адам жердің астында» деген теріс түсінік сіңіп бара жатқан бүгінгідей ырықшыл заманда оған сатира қаруымен тойтарыс берудің маңыздылығына айрықша тоқталды.
«Балапандай қанат қаққан қазіргі жастардың сана-сезімін қалыптастыруда, менің түсінуімше, сатираның рөлі орасан. Тәлімдік-тәрбиелік маңызы зор. «Үйттік, бүйттік!» немесе «Ананы істегелі жатырмыз!» деп айтқан жаттанды жауыр сөздердің жастардың қауашағына кіре қоюы екіталай. Сондықтан, журналды қайта шығарайық, қолдан келгенше дертке дәру етейік деп еліміздің бас партиясына жүгіндім», - деді сықақшы.
Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл орайдағы оралымды ойларын байыппен қабылдап, «Ара» журналының оқырмандармен қайта қауышуына қол ұшын созуға ықылас танытқан және партияның бұған дейінгі Саяси Доктринасының талқылауларына қатыса жүріп түйгеніндей, дәл осы мәселеде сатираның да, елді ойлаған шын саясаттың да мақсаты бір екендігіне көз жеткізген.
«Ең алдымен, партиялық азаматтардың шынайылығын байқадым. Олардың қажыр-қайратына, аға буын алқаласа тау қопарып, тас көтеретініне сендім. Ұлт мүддесі мен ел болашағының бұл азаматтар үшін үлкен мағынаға ие екенін түсіндім. Жемқорлықпен күресетін «Ара» сияқты журналдың сыбайластықтан, жершілдіктен, түйені түгімен жұтып жіберетін жалмауыздықтан тынысы тарылып бара жатқан бүгінгі қоғамға ауадай қажет болып тұрғанын сездім», - деп қорытындылады ойын К.Әмірбек.
Айта кетейік, «Ара» мәтіндері әуелі «Айқын» газетінің ішінен айына екі рет сегіз бет болып шыға бастайды. Ал жақын аралықта дербес журнал ретінде жарық көреді.
Жолдаған: Азамат Сейітов
сурет: tungiyk.wordpress.com