Алматыдағы Республика сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және тұңғыш президент күніне орай жас ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Республикалық мүшәйраның бас жүлдесін университетіміздің «Шығыстану» факультеті қытайтану кафедрасының 2-курс магистранты Қайсар Қауымбек жеңіп алды.
Осымен бірнеше мәрте ұйымдастырылып отырған жер мүшәйрасына республикамыздың барлық облыс, қалаларынан ақындар қатысты. Өлеңге таласы бар ақындардан 18 ақын алдын-ала іріктеліп алынды. Олардың өлеңдегі өресін ақын Әділғазы Қайырбеков бастаған Жазушылар Одағының сақа ақындары салмақтады. Сахнаға кезекпен шығып, қос-қостан өлең оқыған 18 ақынның көкірегінен шыққан жыр жолдары жырсүйер қауымның жүрегінен орын теуіп жатты. Екі өлеңнің бірі тәуелсіздік немесе Елбасына арналса, екіншісі еркін тақырыпқа бағытталды.
Өлең түсінер қауым ақындар оқыған жырларда жаппай мақтау мен одағай ұрандардан гөрі салмақты ой мен терең топшылау басым болғанына қуанды. Бұл жөнінде қазылар алқасының төрағасы Әділғазы Қайырбеков те тұшымды пікір білдірді.
- Тақырыпты ашу осы екен деп, сапыра мақтау – мүшәйраның талабына қайшы дүние. Осыны жете түсінген Қауымбек Қайсар, Шерхан Талап, Алтыншапақ Хаутай сынды ақындар «Тәуелсіздік» дейтін ұлы ұғымаға деген құрметін шынайы поэзияға айналдыра білді. Ақындарға жүлде беру барысында да осы талапты негізге алдық, - деді ол.
Мүшәйраның негізгі жүлделері де осы аталған ақындардың қанжығасына байланды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орын Шерхан Талапқа берілсе, екінші орын Алтыншапақ Хаутайқызына тиесілі болды. Өлең бәйгесінің бірінші орынын, яғни, бас жүлдесін еншілеген Қауымбек Қайсарға жеңімпаз грамотасымен қоса 350 мың теңге көлемінде сыйлық табысталды.
Университет абыройын асқақтатқан шәкірттеріміздің осындай жеңістері біздің жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатып, олардың бағындырар асулары әлі алда деп сенеміз, шәкіртімізге: «Поэзия асқарында қанатың талмай қалықтап ұша бер!, - демекпіз.
Жолдаған: А.КЕНЖЕБАЕВА, А.НУРЖАЕВА
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi
Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының оқытушылары