Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде жазушы Дидахмет Әшімханұлы мен сыншы Құлбек Ергөбектің қатысуымен «Әңгіме туралы әңгіме» атты кеш өтті. Кешке белгілі ақын-жазушылар мен оқырман қауым қатысты.
Рухани кешке арнайы Астана қаласынан жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, белгілі сыншы Сағат Әшімбаевтың жары, жазушы Шәрбану Бейсенова және Арқалақ қаласынан жас жазушы Елдос Тоқтарбай сынды қонақтар келді.
Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы Берік Шаханұлы бұл жиынның ерекшелігін атап өтіп, қаламгер мен оқырман қауымның ашық диалогына табыс тіледі.
Жаңаша форматта өткен кеште проза жанрының дамуы, қазақ және шетел әдебиеті жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Қос қаламгер бүгінгі әдеби процес туралы ой-пікірлерін ортаға салып, қазақ порзасының қазіргі хал-жайына кеңірек тоқталды.
Дидахмет Әшімханұлы өзінің шығармашылық лабараториясынан сыр шертіп, әңгімелерінің негізгі иедеясы, жазылу себебі туралы да айтып берсе, Құлбек Ергөбек сыни мақалалар жазуда ұстанған өзінің негізгі принциптерін бөлісті. Әдебиетшілер қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының пайда болуынан бастап, бүгінге дейінгі жетістік-кемшіліктері хақында мол мағұлмат берді.
«Менің ойымша, Қазақ әдебиетіндегі кәсіби әңгіме жанры Ыбырай Алтынсариннан басталады. Оның «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесі, «Таза бұлаққа» енген дүниелерінің бәрі де – әңгіме, жазба әдебиетінің басында тұрған шығармалар», - дейді Дидахмет Әшімханұлы.
Кездесу барысында қос қаламгерге оқырмандар тарапынан түрлі сауал қойылып, ашық әңгіме-дүкенге ұласты. Сұрақ қоюшы жастардың бір легін әдебиеттің болашағы, қазіргі буынның аяқ алысы алаңдататыны анық байқалды.
Сұрақ қоюшылардың қатарында белгілі ақын Аманхан Әлімұлы, сыншы, журналист Мырзан Кенжебай және әңгіме жанрында қалам тербеп жүрген Дәурен Қуат, Мақсат Мәлік, Қойшыбек Мүбәрак сынды ағалар болды.
70 жылдардың ортасында әдебиетке келген қос қаламгердің бүгінгі терең талдаулары қолына қалам ұстаған жастар мен оқырмандарға ой тастады. "Бұл бағыттағы шаралар әлі жалғасады",-дейді кездесуді ұйымдастырушылар.
Сурет: ©Massaget.kz