15 мамыр күні Алматыда ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Жарас Сәрсектің мерейтойлық шығармашылық кеші өтеді. Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өтетін кешке қазақтың белгілі ақындары мен өнер жұлдыздары қатысады. Жаныңда жүрмін деп аталатын мерейтойлық кеш М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театрында болады. Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады. Жарас Сәрсек 1968 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Керуен көшіп барады, Жүрегімнің ішінде жүрегім, Қастерлім, Түнемел, Жан арымның жарығы атты жыр жинақтарының авторы. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Қастерлім жыр жинағы үшін 2008 жылы Халықаралық Алаш әдеби сыйлығын алған. 2007 жылғы Македония Республикасында өткен дүниежүзілік түркі ақындары фестивалінің номинанты. Екі мәрте Президент сыйлығының иегері. Бүгінде Республикалық Үркер журналында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақпарат саласының үздігі медальдарымен марапатталған.