Астана қаласында ХVІІ Халықаралық «Шабыт – 2014» шығармашыл жастар фестивалі аясында "Алматы жырлайды" атты алматылық ақындардың қатысуымен поэзия кеші өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кешке Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бақ сынаған бір топ жас ақындар қатысты. Өздерін Әмірхан әскерінің қолында бапталған "Қайсардың қағанатымыз" деп атап жүрген бұл топта еліміздің әр аймағынан келген жастар бар. Нақтырақ айтқанда, алматылық ақындардың қатары көбірек.
Атап айтқанда, жас ақындардан Бекзат Смадияр, Әріби-Әрібек Өр Алтай, Жандарбек Жұмағұлов, Айбол Исламғалиев, Шерхан Талап, Тұрсынбек Башар, Еламан Хасен, Нұртас Тұрғанбек, Нұрболат Жолдасбек, Нұрболат Сатымқұл, Батырхан Сәрсенхан, Саян Есжан сынды жастар жыр оқыса, сазгерлік қырымен көзге түсіп жүрген Тәуірбек Бозекенов, Абылайхан Жұмаш, Сәкен Есенгелдиевтер ән шырқады. Кешке прозада қалам тербеп жүрген Досхан Жылқыбай, Мәди Бекмағанбетов сынды жастар да белсене қатысты.
Жас ақындар өз жырларымен қатар өздері үлгі тұтар аға буын өкілдерінің де өлеңдерін оқып берді. Жас перілер Әмірхан Балқыбек, Маралтай Райымбек, Мұрат Шаймаран, Әділ Ботпанов сынды ақындардың жырларын жатқа оқыды.
Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы сыйлықтың иегері Бекзат Смадияр Қазтуғанның "Алаң да алаң, алаң жұрт" өлеңін оқыды.
Сәкен Есенгелдиев Әділ Ботпановтың сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің "Сәлеметсіз бе?" әнін шырқап берді. Сәкен бұл кеште Нұртас Тұрғанбектің сөзіне жазылған өз әнін де әуелете шырқады.
Қатарластарына қолдау көрсете келген Табиғат Абайлдаев, Мерген Тоқсанбай сынды жас ақындар да кеш қонағы болып, тілеулестік танытты.
Жас ақындар "Иә, Әруақ!" деп Әмірхан Балқыбекше ұран шақыра өлең оқыды. Досхан Жылқыбай Әмірхан Балқыбектің «Балбал қала қонағы» өлеңін ақынның өз даусында тебірене оқыды.
Бұл сәтті көңілге де, телефонға да жазып алу қажет.
Шерхан Талап Мұрат Шаймаранның өлеңін оқыды.
Әдемі әндерімен көпшілікке таныла бастаған Тәуірбек Бозекенов Табылды Досымовтың әндерімен қоса өз шығармашылығынан да бірнеше әнін орындап берді.
Бұл кеште үлкен бір мектептен түлеген тараздық жастардың да тегеуріні анық байқалды.
Табылды Досымовтың "Биіктігін" Абылайхан Жұмаш орындады.
ХVІІ Халықаралық «Шабыт – 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымы бойынша Гран-при иегері Батырхан Сәрсенхан Жұмекен, Есенғали сынды белгілі ақындардың өлеңін жатқа оқыды.
Бұл кеш өзге кештерге қарағанда еркін форматта өтуімен ерекшеленді.
Танымал ақын Ерлан Жүніс ұйымдастырған кеште Қалқаман Сарин сынды аға буын өкілдері де қонақ болды.
Өлең-жырмен сусындаған көрермендер қауымы әдемі кештен жақсы әсермен тарқасты.
Сурет: ©Мassaget.kz