Алмас Нүсіптің «Барлау» атты тұңғыш кітабы жарық көрді

Тәуелсіз қазақ әдебиеті ойы өткір, тілі көркем жас толқынмен толықты. Әдебиет әлемінде қарымды қаламымен танылып үлгерген жас жазушы, прозаик Алмас Нүсіптің «Барлау» атты кітабы қалың оқырман арасына жол тартты. Алмас бұған дейін «Аға, ертегі деген не?», «Мұхтар Мағауин және мен», «Тай», «Күн түбіне жортқанда немесе шалғайдағы ой» сияқты көлемді туындыларымен, сын мақалаларымен халықтың ыстық ықыласына бөленген еді. Кітапқа осы уақытқа дейін мерзімді басылымдарда ерекше көзге түскен әңгімелері мен сапарнамалары, әдеби сын мақалалары мен хикаяттары топтастырылған.
Алмас Нүсіптің прозалық шығармалары көпшілікке республикалық «Үркер» журналы арқылы жете таныс. Сонымен қатар, сиясы кеппеген жаңа әдеби туындылары «Қазақ әдебиеті», «Жетісу» газеттеріне, «www.kultobe.kz» электронды сайтына үздіксіз жарияланып келеді. Тілі жатық, сюжет желілері тартымды, идеясы бай «Барлау» атты тұңғыш жинағы туралы автор былай дейді: «Алғашқы жинағымызды «Барлау» деп атадық. Осы уақытқа дейінгі көрген-білген, түйгеніміздің бір парасын түйіндеп, есеп беруді осы жұқалтаң кітабымызбен түйіндейік. Әдебиетке деген барлау осымен аяқталсын. Ендігісі әдебиет майданына қоян-қолтық араласу. Әрине, Тәңірі сәтін салса.» Атап өту керек, жинақ 2100 данамен (баспа есебінен 1000 дана) «Жалын» баспасынан басылып шықты. Кітап 320 бетті құрайды.
Иә, біз де жас жазушыға өз тарапымыздан сәттілік тілейміз. Қалың оқырман, өзі айтқандай, Тәңір сәтін салса, тағы да ірі туындылар асыға күтері анық. «Әдеби шығармашылықтың алғашқы, тіпті маңызды кезеңін белгілі деңгейде сәтті аяқтадым деп білем. Қалыптасу дәуірі осымен тәмам. Енді өсу керек. Көлем тұрғысынан ғана емес, мән, мазмұн, тереңдік тарапынан. Бүгінгі әдебиеттің бет-бейнесін қалыптастыру жолында,»-дейді Алмас Жақыпақынұлы.


Автор: Қуаныш ТҰҢҒАТАР

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: жеке мұрағаттан