Неміс кітап саудагерлерінің Бейбітшілік сыйлығы (Peace Prize of the German Book Trade) - халықтар арасындағы өзара түсінушілікті орнатуға ықпал еткен əдебиет, ғылым жəне өнер қайраткерлері жыл сайын марапатталады. 1949 жылы тағайындалған. Көлемі 25 000 евро тұратын бұл сыйлықты неміс Кітап саудагерлерінің одағы Франкфурттағы кітап жəрмеңкесі кезінде табыс етеді.
Нейштад әдеби сыйлығы (Neustadt International Prize for Literature) - әдебиет саласындағы қол жеткізген жетістігі үшін берілетін халықаралық сыйлық. 1969 жылдан бастап екі жылда бір рет беріліп тұрады. Демеушісі – Оклахома университеті.
Астурийс ханзадасының сыйлығы (Prince of Asturias Awards) - 1981 жылдан бері жыл сайын беріліп тұрады. Демеушісі – Астурийс ханзадасының қоры.
Мигель де Сервантес атындағы сыйлық (Premio Miguel de Cervantes) - испан тілінде жазатын қаламгерлерге беріледі. Үміткерлердің тізімін испан тілді елдердің академиясы ұсынады. Сыйлықтың көлемі – 90 000 евро. Бұл сыйлықты алғандардың кейбіреуіне кейін Нобель сыйлығы бұйырды.
"Орандж" әдеби сыйлығы (Orange Broadband Prize for Fiction) - бұл сыйлық тек əйелдерге ағылшын тілінде жазылған шығармасы үшін беріледі. Шығарма сыйлыққа ұсынылардан бір жыл бұрын Англияда басылып шығуы тиіс. Сыйлық 1996 жылы тағайындалған. Демеушісі аты-жөнін жарнамаламауды жөн көрген. Жеңімпазға 50 000 фунт стерлинг пен Гриэль Найванның қолынан шыққан «Bessie» қола мүсіні табыс етіледі.
Иерусалим сыйлығы (Jerusalem Prize) - жеке адамдардың бостандығын қорғаған шығармаларға берілетін əдеби сыйлық. 1963 жылдан бастап Иерусалимдегі халықаралық кітап жəрмеңкесінде екі жылда бір рет беріліп тұрады. Бұл сыйлықты алған кейбір жазушылар кейін Нобель сыйлығына қол жеткізді.
Алтын тәж - жыл сайынғы «Струждағы поэзия кеші» фестивалінің сыйлығы. 1966 жылдан беріліп келе жатыр. Сыйлықты алған ақындардың кейбіреуі кейін Нобель сыйлығына ие болды.
Виления әдеби сыйлығы (Nagrada Vilenica) - Триестаның маңында, Батыс Словенияда халықаралық әдеби фестивальде Шығыс және Батыс Еуропаның озық ойлы қаламгерлеріне жыл сайын табыс етілетін сыйлық. Құрылтайшысы – Словения Жазушылар одағы. 1986 жылы тағайындалған.
Петрарка сыйлығы (Petrarca-Preis) - үздік жазушылар мен аудармашыларға арналған халықаралық әдеби сыйлық. 1975 жылдан бастап 1995 жылға дейін беріліп келді.
Кафка сыйлығы (Franz Kafka Prize) - халықаралық әдеби сыйлық. 2001 жылдан бастап беріліп келеді. Демеушісі – Франц Кафка қоры мен Прага қаласы басшылығы.
Чино дель Дука сыйлығы (Prix mondial Cino Del Duca) - 1969 жылы француз кəсіпкері Чино дель Дуканың құрметіне орай оның жесірі Симона дель Дуканың тағайындаған халықаралық əдеби сыйлығы. Əлемдегі гуманизмді насихаттаған шығармаларға беріледі. Сыйлықтың көлемі – 250 000 евро.
Амангелді Кеңшілікұлының "Жүрек сөзі" кітабынан мәліметтер пайдаланылды
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: writersworldwide.wordpress.com