Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Филология және әлем тілдері факультетінде "Жәдігер" орталығының ұйымдастыруымен әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутаймен лекция-концерт өтті.
Кешті филология ғылымдарының кандидаты, "Жәдігер" орталығының жетекшісі Самал Дәрібайұлы жүргізді.
Дәстүрлі әншілік өнерді жете танып, зерттеп жүрген Ерлан ағамыз өзінің қоңыр даусымен атақты Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұсаның әндерін айтып, студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өнерді шын қастерлейтін, түсінетін жастардың көңілін бір серпілтті.
Кеш барысында студенттер арасынан филология және әлем тілдері факультетінің 2 курс студенті, жас айтыскер ақын Саягүл Бірлесбек сол жерде суырып салып, ағасына жыр тарту жасады.
"Жәдігер" орталығының жетекшісі, ұстаз Самал Дәрібайұлы өнертанушыға уақытын бөліп келгені үшін алғыс айтып, орталықтың және студенттердің атынан шағын сыйлық ұсынды.
Кеш соңы естелік суретке түсуге ұласты.